Жамбыл жаңалықтары

Орталықтың жай-күйі ойдағыдай ма?

Біз үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік. Еркіндік үшін адам баласының қолымен жасалған әрбір игі іс – болашаққа бастар жол. Осы ретте «Кеше мен бүгіннің тарихын болашаққа табыстау – үлкеннің міндеті» деген ой жетегімен қолымызға қалам алдық. Бүгінгідей бейбіт заманға жетудің оңай болмағанын, оның жолында қаншама жазықсыз жанның қаны төгілгенін ұғындық.

Тарихы тереңнен тамыр тартқан тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Азаттық жолында ақтық демі қалғанша күрескен азаматтар өз деңгейінде құрметтеліп жүр ме? Алаңға шыққан жастардың жан жарасы жазылды ма? Желтоқсаншылардың табанынан өткен сыз бен жүрегінде қалған қасірет ізі қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, жуырда «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесіп, көкейге көп ой түйіп қайттық. Бірлестіктің негізгі мақсаты – жастардың бойында Отанға, туған жерге сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Гүлді тоңдырып, нұрды солдырған 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласындағы Сәулет және құрылыс институтының студенті Талғат Кеншінбеков үш күн алаңға шығып, желтоқсанның ызғарын жан-тәнімен сезінген жан. Бүгінгі таңда «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады.

Кейін Ізтілеуова деген ұстазымыз: «Сендерде намыс бар ма? Өздеріңдей жастар қазір алаңда жүр. Бүгін орыс тілі болмайды. Орнына мен сабақ өтуім керек. Бірақ мен бұл сабақты өтпеймін. Қазір кім аудиторияда қалады, солардың барлығының «зачеткасына» «өтпеді» деген белгі қоямын. Алаңға барыңдар!» – деді. Бұл сөз онсыз да қаны қызып отырған жастарға ұран болды.

Алаңға түске жақын келдік. Адам қарасы мол екен. Келе жатып Абай көшесінің бойындағы Алматы архитектуралық техникумының маңынан өттік. Қатарымызға қосылған жігіттермен әңгімелесіп келеміз. «Рулонды жазып бітірейік...» деді олар бір-біріне. Сол арада біздің қайда оқитынымызды білген әлгі жастар дереу ұран сөздер жазу керек екенін айтты. Сағат бестерге қарай алаңда алғашқы толқу басталды. Қарсы жақтың бес қаруы сай болса да жастар жасқанып қалмады. Халықтың ызасы, ашуы, намысы ешқандай қарсылыққа қарамады, – деп еске алды алаңға шыққан сәтін Талғат Кеншінбеков.

Т.Кеншінбеков бір топ студентпен бірге Алматы Қазақ ауылшаруашылығы институты жатақханасының жертөлесіне барып, рулондалған ақ маталарға жастардың ұйымшылдықпен ұран сөздер жазғанын сөз етті. Сол күні түнде толқу басталған екен. Кейіпкеріміз өрт сөндіруге арналған көліктердің ыстық су шашып, ит жетектеген сарбаздардың қарсылық көрсеткендерді ұрып-соғып, шашынан сүйреп, көліктерге тоғытқанын көреді. Құр қол жүрген жастар алаңдағы шыршаларды сындырып ала бастайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» жастар қамалғандарға да көмектесіп, көліктерден шығарып алуға тырысады. Бірақ жастарды ит қосып Космонавтар көшесіне дейін қуып тастайды. Жолай жастар ұлттық нақышта киінген белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловты танып, әңгімесіне құлақ асады.

Талғат Дүкенбайұлы арада отыз екі көктем, отыз екі жаз өткеннен кейін ауылына арнайы барып, ұран сөз жазылған лозунгты қазып алып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізіпті.

Желтоқсаншы бүгінде жастарға патриоттық тәрбие берумен айналысуда. Қоғамдық бірлестіктің аудандарда филиалдары жұмыс істейді.

Талғат Дүкенбайұлының айтуынша, қоғамдық бірлестік мүшелері бүгінде Қайрат Рысқұлбеков саябағында орналасқан «Желтоқсан 86» орталығында жұмыстарын жүргізуде. Біз де орталыққа арнайы барып, ішін аралап көріп, жай-күйімен таныстық. Орталықтың қабырғасында басылым беттерінде жарық көрген бірен-саран мақалалар мен желтоқсаншылардың сарғайған фотолары менмұндалайды. Бірақ әр жүректе із қалдырып, алаңға шыққан жастардың мұзға жаққан алауының табын сезіндірер жәдігер кездестіре алмайсыз.

Қоғамдық бірлестік мүшелері алдағы уақытта қаһарман Қайрат Рысқұлбековтен бұрын ату жазасына кесіліп, бір камерада жатқан Мырзақұл Әбдіқұловқа арнайы бұрыш ашуды көздейді. Расында, ғаламторды ақтарсақ, Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның ғана мәліметтері бар. Одан өзге желтоқсаншылардың аты неге аталмайды? Ал Қайрат Рысқұлбековтен екі ай бұрын ату жазасын алып кеткен жанның көзі тірі екенін тіпті жұрт білмейді де.

«Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!» деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, желтоқсаншылардың мұзға жаққан алауы сөнбесе, жалауы желбіреп, еңсесі тік болғанға не жетсін?!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ