Руханият

Қазақстан Республикасына қызмет етемін!

Тәуелсіздік десе есімізге ел мен жерге қорған болған Қарулы Күштер, қырағы шекарашылар түсетіні белгілі. Өйткені Қарулы Күштер – егемен елдің айбыны. Шекара – ұлттық қауіпсіздіктің қалқаны. Бейбітсүйгіш еліміздің тыныш өмір сүруі лайықты қамтамасыз етілуінің арқасында тәуелсіз Отанымыз – Қазақстан 33 жыл ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. Тәуелсіздік алған жылдары дүние есігін ашқан азаматтар мен азаматшалар бүгінде әскери саланы таңдап, Отан қорғау жолында жемісті еңбек етіп келеді. Оның ішінде ҚР Қарулы Күштері қатарындағы сарбаздардың де еңбегі ерен.

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ ОТАН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА

Облыс аумағындағы тәуелсіздік құрдастары, әсіресе Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадада жетіп артылады. Мереке қарсаңында осы 85395 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген бірқатар тәуелсіздік құрдасымен сөйлесіп, әңгімеге тартқан едік.

ҚЫЗМЕТ ПЕН СПОРТТЫ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Әскери салада әр бөлім мамандарының орны ерекше. Алайда жауынгерлік қызметтің негізі саналатын байланыс әскерлерінің орны бір төбе. Әскери байланыс – қазақстандық армияның маңызды құрамы. Әскери қызметші-байланысшыларға күрделі және жауапкершілігі жоғары міндеттер жүктеледі. Қарулы Күштердің күнделікті және жауынгерлік міндеттерін орындаудағы табысы олардың жұмыстарына байланысты.

Маңызды саланы меңгерген жауынгердің бірі – аға сержант Әсілбек Құрбаниязов. Жуалы ауданы, Теріс ауылының тумасы өз ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті аяқтаған. Мұнан соң 2009-2013 жылдары Тараз қаласындағы сол кездегі Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады.

Қолына диплом алған жас жігіт 2010-2011 жылдар аралығында әскери борышын өтеуге Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімге жіберіледі. Туған жеріне оралған соң әскери саладағы мансабын жалғастыруды жөн санайды. Оның әскери өмірді таңдауы сұрақ тудырмаса керек. Өйткені кішкентай күнінде әскери өмірге қызығып, мектепте жүргенде спорттың әр түрімен айналысып, шымыр болып өсті.

Әсілбек дәл қазіргі уақытта Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы 85395 әскери бөлімінде байланыс ротасының сержанты, яғни жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы қызметін абыроймен атқарып жүр. Тәуелсіздік құрдасының байланыс саласында жүргеніне 12 жылдан асқан.

Кейіпкеріміздің қызметтік міндеті таңғы сағат 6:00-де жеке құрамды ұйқыдан тұрғызу сәтінен басталып, сарбаздарды кешкі ұйқыға жатқызғанға дейін жалғасады. Тарқатып айтсақ, бекітілген ережеге сай әр күн сайын сағат 9:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықта жас жауынгерлерге арнайы мамандандырылған дәріс өткізеді. Таңғы уақытта негізгі қызметтерін орындап, түстен кейін жауынгерлік және дене дайындығы бойынша ертеңгі күнге жоспар құрады.

Денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша дипломы бар Әсілбек әскерде жүріп спорт үздігі атанған. Түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орынмен оралып жүрген ол бірер жыл бұрын үздік дәрежелі «Спортшы жауынгер» төсбелгісімен марапатталған.

Кейіпкеріміздің мұнан өзге де жетістіктері аз емес. Биыл ғана 20 маусым – «Сержанттар күні» мерекесі қарсаңында қойылған міндеттерді шешуде танытқан ынта-жігері, бастамасы, жауапкершілігі, лауазымдық міндеттерді үлгілі орындағаны ескеріліп, жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ «Айбалта – 2022» біріккен командалық штабтық оқу-жаттығуында да қарым-қабілетін таныта білді.

Әсілбек өзінің тәуелсіздік құрдасы болғанын мақтан тұтады.

Рота сержанты 2012 жылы өмірлік жарын жолықтырып, отау құрған. Қазіргі таңда жұбайы екеуі 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп отыр. Отбасында – қамқор әке, жұмыста – сарбаздардың құрметіне бөленген адал қызметкер. Спорт пен әскери қызметті тең ұстап, әрдайым сергектікті сүйетін тәуелсіздік құрдасының өмірлік ұстанымы – Отан үшін аянбай еңбек ету, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау.

 

АРТИЛЛЕРИСТ ҚАЙРАТ

Әскер саласында «Артиллерия – соғыс тәңірі» деген қағида қалыптасқан. Себебі ҚР Қарулы Күштеріндегі Құрлық әскерлерінің құрамындағы бірнеше әскер түрлерінің ішіндегі «Зымыран әскерлері және артиллерия күшінің» алатын орны ерекше.

Келесі кейіпкеріміз аға сержант Қайрат Мұқанбетжанов – осы саланың майын ішкен майталман сарбаз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген Қайрат Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасындағы артиллериялық дивизионы, 1-артиллерия батареясы 1-оттық взводының сержанты. Тараздағы №46 орта мектепте білім алған. Сондай-ақ 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін заң мамандығы байынша тәмамдайды. Алайда бала күнінен әскери жан болуды армандаған Қайрат 2014 жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. Сөз басында кейіпкеріміз өзі қызмет ететін артиллерия батареясы туралы айтып берді.

Қайрат еңбек ететін әскери взвод ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады. Берілген бұйрыққа қарай табиғи апаттан зардап шеккен жандарға көмекке келеді. Әрине, бетін аулақ етсін дейміз, ел ішінде бүлікшілер көтерілсе де тосқауыл қою үшін осы артиллеристер бірінші жетеді. Көктемде еліміздің бірнеше өңірін су басқанда Атырау қаласына көмекке алғашқы болып осы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың жауынгерлері аттанды.

Отанға деген адалдығын танытқан сарбаз биыл «10 жылдық мінсіз қызмет» медалімен марапатталыпты. Бұл құрмет – қалтқысыз еңбегінің өтеуі. Қайрат Қажығалиұлы «Тәуелсіздік құрдасы» деген атақ өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

ҮЗДІК БІТІМГЕР

Тәуелсіздік құрдастарының арасында өзге елде бітімгершілік қызметті атқарып келгендер де аз емес. Сондай азаматтың бірі – аға сержант Арай Исаев. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда 85395 әскери бөлімінде мото-атқыштар батальонында взвод сержанты лауазымында қызмет атқарады. Өзі бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Арай Кәдірбайұлы 2020-2021 жылдар аралығында БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясына қатысқан.

Ел тыныштығы жолында тер төккен жауынгер отбасында үш қыз тәрбиелеп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ