Агросекторда айтарлықтай нәтиже бар
Тәуелсіздік жылдарында Әулиеата өңірінің ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай өзгерістерді бастан өткерді. КСРО дәуірінен кейінгі кезеңде аймақтың агроөнеркәсіптік кешені қайта құрылымдалып, нарықтық экономика талаптарына бейімделді. Осы жылдар аралығында жекелеген азаматтар шаруа қожалықтарын ашып, ауыл әлеуетінің көтерілуіне оң әсер ете бастады.
Бастапқы жылдары ең алдымен малшаруашылығын дамытуға баса назар аударылса, кейіннен суармалы жерлерді тиімді пайдалануға мән берілді. Облыста дақыл көлемін арттыру, мал басын көбейту, тұқымшаруашылығын нығайту, экспортқа бағытталған өнімдердің ауқымын ұлғайту басты талаптардың бірі болды. Соңғы жылдары бюджеттен қомақты қаражат қаралып, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылшаруашылық техникасы жаңартылды, жаңа технологиялар да қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар асыраушы саланы әртараптандыруға баса көңіл бөлініп, аграрлық секторға инвестиция тарту және шаруа қожалықтарын субсидиялау нәтижесінде еңбек өнімділігі артты. Есесіне ауылшаруашылығы еңбеккерлері төккен тер, еткен еңбектің арқасында әр жылды табыспен аяқтады. Биыл да аталған салада қол жеткізген жетістіктер айтуға тұрарлық. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де егжей-тегжейлі мәлімет берген болатын. Осы ретте біз ауылшаруашылығы саласында биыл қандай табыстарға қол жеткізілгенін сөз етуді жөн санадық.
Биыл ауылшаруашылығы саласына 24,6 миллиард теңге субсидия бөлінсе, желтоқсан айына дейін оның 20,8 миллиард теңгесі игерілген екен. Ал тартылған инвестиция көлемі 14,9 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425,4 миллиард теңгені құраған. Дақылдар бойынша егістік алқабы 626,7 мың гектарға жеткен. Оның ішінде дәнді дақылдар – 366,3 мың гектар болса, майлы дақылдар – 32,9 мың гектар. Сол секілді 26,4 гектарға көкөніс, 6,7 мың гектарға картоп, 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті.
Өңірде балтамырдан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны қазіргі таңда аяқталған. 3,6 миллион тонна өнім жиналса, оның ішінде 671,4 мың тоннасы дәнді масақ, 36,3 мың тоннасы майлы дақылдар. Сонымен қатар 1,2 миллион тонна көкөніс, 172 мың тонна картоп жиналған.
Егін алқабындағы тәтті түбірдің 84 пайызы қазылып алынған. Бүгінде 600 мың тонна өнім алынса, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерді құрапты. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермаларының құрылысы аяқталып, келер жылы іске қосылмақ. Осы арқылы өңірде сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам көлемде ұлғайтып отыруға мүмкіндік бар. Одан бөлек 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттырып, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға ықпал етпек. Бұдан басқа жалпы 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері-терсек, жүн-жұрқа өңдеу, алма шырынын шығару, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, картоп фриін өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланыпты.
Тарқата айтқанда, Қытай Халық Республикасындағы «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» компаниясының 3 миллиард теңгеге жуық инвестициясы есебінен каналдарға заманауи бетон жабындары өндірісін шығару қолға алынса, оның жылдық қуаттылығы 240 мың шаршы метрге есептелген екен. Осы мемлекеттің «KAZKASPI HYDRO» кәсіпорны 2,8 миллиард теңгеге тамшылатып суару жүйесін шығарып, жылына 5 мың гектардан кем емес алқапты қамтымақ. Отандық «ANS PLAST» компаниясы 0,5 миллиард теңгеге спринклерлік жабдықтар мен поливинилхлорид (ПВХ) материалдарынан жасалған құбырлар шығаруды қолға алды. Қуаттылығы жылына шамамен 5-6 мың гектарды қамтымақ. Облыста тамшылатып суару жүйесін өндіруді ұйымдастыру бойынша түрік инвесторлары тарапынан тағы 2 жоба жүзеге асырылмақ. «ARDENT PLASTIC» компаниясы өндірістік қуаты 10 мың гектарға дейін, ал «Akplast» компаниясы 15 мың гектарға дейін жететін құрылғы шығаруда.
Келесі жылы Ислам даму банкінің несие қаражаты есебінен 25,8 миллиард теңгеге 3 суқойма құрылысын жүргізу жоспарланыпты. Соның есебінен суармалы жерлердің ауданын тағы да 50 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік тумақ.
Егіншілік пен малшаруашылығы салаларында қол жеткізілген жетістіктер өңір экономикасының тұрақтылығын нығайтып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосты. Бұл ретте ерте көктемде таңнан қара кешке дейін алқап басында тыным таппай жер жыртып, дән сепкен, күзгі жиын-терін кезінде болған ауа райының қолайсыздығына қарамастан жоғары өнім алуға тырысқан диқандардың қажырлы еңбегін атап өтуіміз керек. Төскейде төл өргізіп, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында күнін далада өткізген малшылардың да еңбегі ерен. Соның арқасында малшаруашылығы саласы да даму қарқынын жоғалтпай, асылтұқымды мал басының саны артып, ет және сүт өндірісі көлемі ұлғайып отыр.
Сала мамандарының үздіксіз еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ауылшаруашылық тауарларының сапасы мен көлемін арттырғаны ақиқат. Осы жетістіктерді сала қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен тынымсыз еңбегінің жемісі деп білеміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ