Қаратөбеліктерді қандай мәселелер толғандырады?
Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар құрамына енетін – Қаратөбе ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Бектөбе және Қызылшарық елді мекендерінен құралған аталған округте қазіргі таңда 4 300-ден аса адам тұрмыс кешуде.
Қала әкімі өз сөзінде мұндағы әрбір мәселемен жете таныс екенін ерекше атап өтті.
Бұдан кейін тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға кезек берілді. Айталық, қаратөбеліктер Бектөбе ауылындағы 36, Қызылшарық елді мекеніндегі 7 көшені жөндеу, ауызсу жүйесін жүргізу секілді маңызды мәселелерді алға тартты. Сонымен қатар 5 көшені жарықтандыру, электр желісі мен қосалқы стансаны жөндеу, мәдениет үйін жаңғырту, аталмыш нысанның материалдық-техникалық базасын жақсарту да елді мекен тұрғындарын талайдан бері толғандырып келеді.
Басқосуды қорытындылаған қала әкімі әрбір сауал бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Еске сала кетсек, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 434 мыңнан аса тұрғын бар. Ал «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында «Облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде қалада аудан құрылады» делінген. Соған байланысты Тараз қаласының шекарасын (сызығын) өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте шаһарда 2 аудан құру туралы жергілікті мәслихаттың шешімі әзірленеді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы