Азаттық рухы аласармайды
Шерхан Мұртаза атындағы руханият жәни тарихтану орталығында «Елімнің бақытын тербеткен – тәуелсіздік» тақырыбында Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу өтті.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті. Халықтың өзін-өзі тануын, ұлттық болмыс-бітім, сын-сипатын, ең бастысы, тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті. Желтоқсан демократия мен адам құқығы туралы ұғымға да айтарлықтай өзгеріс енгізді.
Санғасырлық тарихы бар, байтақ жері, байсалды елі бар республиканың басшылығына жергілікті ұлттың салт-сана, әдет-ғұрпынан мүлде хабары жоқ, көлденең адамды тағайындау – шектен шыққан кемсітушілік еді. Желтоқсан оқиғасы – халықтың сана-сезімі өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын ашық білдіре алатындығының да айқын көрінісі болды.
Сол 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында бодандық бұғауын бұзып, бостандық тілеп бұлқынған қазақ жастарының ерлігін келешек ұрпаққа, бүгінгі жастарға насихаттау әрбір азаматтың борышы. Осы мақсатта ұйымдастырылған іс-шарада Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, құқық қорғау саласының ардагерлері Өмірзақ Айдаралиев пен Жанат Сарыбаева бастан кешірген қиындықтарын еске алып, тыңдаған жанның жүрегін елжіретер естеліктерімен бөлісті.
Жастарға жасалған қастандықты, солдаттардың озбырлығын баяндап, Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды батырлардан бөлек, қаншама қазақ ұл-қыздарының да осы көтеріліс кезінде елім деп өліммен бетпе-бет келгенін айтты. Қазақ елі ұрпақсыз қалсын деген оймен қыздарды мұзға отырғызып, ұлдарға зорлық-зомбылықтың түр-түрі жасалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ сөз соңында қанмен келген құнды байлығымыз – тәуелсіздікті жоғары қойып, қасиеті мен қадірін келешек жастарға насихат ету керектігін айтып өтті.
Іс-шарада жас өрендер де өз өнерлерін ортаға салды. Оқушылар күй арқылы көңілдің қылын шертіп, «Тәуелсіздік», «Желтоқсан» тақырыптарындағы өлеңдерін оқыды.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ