Экологиялық жол картасы бекітілді
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Вице-министр жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдің экологиялық жағдайы және оны жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Мұнан соң Мансұр Тұрсынұлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізіп, облыстың экологиялық мәселелері туралы баяндады.
Республика бойынша 2021-2023 жылдар аралығында және биылғы көктемде барлығы 970,8 миллион көшет отырғызылыпты. Ал облысымызда жоспарға сәйкес 25,9 миллион көшет отырғызылған екен.
Облыста қоршаған ортаның ластануына кәсіптік шығарындылар зиянын көп тигізеді десек, өңірде дәл осындай қауіптіліктің 1-санатына жататын 44 оператор жұмыс істейді.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 31,3 мың тоннаны құраған. Оның 6,4 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Өңірде экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін 159 қатты тұрмыстық қалдықтар объектісі бар.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ