Мыңаралда жаңа мектеп ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында 120 орындық мектеп балалар игілігіне берілді.
Бұған дейін мыңаралдық балалар білім алған мектеп (1972 жылы пайдалануға берілген) апатты деп танылған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес осы мәселе назарға алынып, өткен жылдың қараша айында білім беру ошағының құрылысы бастау алған еді.
К.Қасымов атындағы жаңа мектепте 34 педагог екі ауысымда 168 балаға білім береді. Ол үшін 13 оқу бөлмесі, спортзал мен мәжіліс залы, кітапхана, асхана, сондай-ақ компьютер, лингафон және мультимедиа кабинеті, 2 зертхана мен 2 шеберхана қарастырылған.
Айта кетейік, облыста 36 білім беру нысанының (10 600 орындық) құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 13 білім ошағы, оның ішінде үшеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр.
Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі.
2024 жылы 9 мектеп пен 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өтті.
Мектептерді жаңғыртуға 3,1 миллиард теңге, атап айтқанда, 215 мектепті жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтауға 1,9 миллиард теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,2 миллиард теңге бөлінді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі