Жамбыл жаңалықтары

Сенімге селкеу түсірмеу керек

Өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған облыстық мәслихаттың екі бірдей депутатының бірі өзін-өзі ұсыну арқылы халық қалаулысы атанса, екіншісін «AMANAT» партиясының жергілікті филиалы ұсынған. Басқасы басқа, «AMANAT» партиясының атынан сайлауға түсіп, жеңіске жеткен депутаттың ерсі қылығы арқылы мандатынан айырылуы – ел сенімін аяққа таптау ғана емес, партияның ішкі тәртібі мен іріктеу үдерісінің әлсіздігін көрсетеді.

Халықтың үмітін арқалаған депутаттар елге адал қызмет етуге тиіс. Ал мұндай әрекеттер елдің сенімін ғана емес, партия беделін де құлдырататыны белгілі. Әсіресе «AMANAT» партиясы секілді ірі саяси ұйымның ішінен шыққан адамның осындай жағдайға тап болуы қоғамда теріс пікір тудырып, партияның жауапкершілігіне көлеңке түсіруі мүмкін.

Осы мәселені облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қынжыла жеткізді.

Сайлау қорытындысымен №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып Тараз қаласының тұрғыны, «Ауыл Береке» жауапкершілігі шекеулі серіктестігінің құрылтайшысы Алтай Карабеков сайланыпты. Ал №18 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып Шу ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұржан Әділов сайланған екен. Осылайша сессия барысында облыстық мәслихаттың қабылдаған шешімінен кейін аталған азаматтарға облыстық мәслихат депутатының куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды.

Күн тәртібіндегі облыстық мәслихаттың атқарған жұмысы туралы мәселе сессияға дейінгі өткізілген тұрақты комиссияның бірлескен отырысында қаралғандықтан есепті қайта тыңдаудың қажеті жоқ деп танылып, шешім бірауыздан қабылданды.

Келесі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған жоспарының жүзеге асырылуы туралы баяндамасы тыңдалды. Ә.Тамабек егіншаруашылығы, малшаруашылығы, техниканың жаңартылуы, салаға инвестиция тарту, ірі жобаларды жүзеге асыру, жайылым мәселесі, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы секілді салада атқарылған тірліктерді тізбеледі. Ол сөз арасында: «Жалпы облыс бойынша барлығы 5 862 мал қыстату орны бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізілген. Барлық аудандарда мал қыстауын өткізу бойынша жедел штабтар құрылған. Құрылған штаб қыстау барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерінен, мысалы, техникасынан басқа да ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылуда», – деді.

Бұдан кейін қосымша баяндама жасаған облыстық мәслихаттың депутаты Бегалы Ералиев ауылшаруашылығы, ветеринария секілді бірқатар салаларда орын алған кемшіліктерді сөз етті. Өз кезегінде депутаттар бірқатар маңызды мәселе бойынша сұрақтар қойып, ол бойынша Әбілхайыр Ғалымұлы, тиісті аудан әкімдері мен басқарма басшылары жауап берді. Сондай-ақ сессия барысында бұдан да басқа бірқатар мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ