Жаңалықтар

Студенттер үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды

Бірнеше ай бұрын Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде облыс орталығындағы бірқатар оқу ошақтарының оқушыларымен кездесу өтіп, онда Көлік министрлігіне бағынысты бірқатар мекеме қызметкерлері болашақ ізбасарларымен пікір алмасқан еді,деп хабарлайды arainfo.kz

Ал, бүгін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен магистрантарына арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. 

Іс-шара барысында келушілер жергілікті жолшылармен еркін форматта әңгімелесуге мүмкіндік алды. Оларға жетекші сарапшы Жұмахан Шәкірбаев пен зертхана меңгерушісі Дәурен Хасенов мекеменің негізгі атқаратын міндеті мен елімізде жол сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаруалар жөнінде ақпарат берді. 

«Ашық есік күні» шарасының негізгі мақсаты – жастарға бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ, жол саласындағы инженер, зертханашы сынды мамандықтарды көпшілікке кеңінен таныстыру. Бұдан бөлек, бұл мамандыққа деген студенттердің қызығушылығын оятып, жол салу жұмыстарының қыр-сырын тәжірибе негізінде үйренулеріне қолайлы жағдай жасау. 

Жалпы, жыл басынан бері аталған филиал қызметкерлері 906 рет іссапарға шығып, бас-аяғы 467 нысанға инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 2917 данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілген. Сәйкесінше, жол-құрылыс материалдарының 867 данасы нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. 

Атап өту керек, талдауға сәйкес, қазіргі таңда жол саласында 1,5 мыңға жуық сертификатталған маман жетіспейді. Осы себепті, биыл білікті жолшыларды даярлауға мемлекеттік 1000 білім гранты бөлінген болатын.