Айдана ауызсуды үнемдеуді мақсат етеді
Қазіргі таңда су ресурстарын үнемдеу мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті екені анық. Осы тақырыпта Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айдана Құрбанова ұсынған ғылыми жоба көптің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл зерттеу әсіресе автокөлік жуу орындарының экологиялық әсерін төмендетуге және су үнемдеуге бағытталған.
Айдананың жобасында ауызсу мәселесін шешу үшін пайдаланылған суды қайта өңдеуге арналған жаңа фильтр үлгісі ұсынылған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде 600 мыңнан аса адам таза ауызсуға зәру. Сондықтан да жоба мақсаты – Тараз қаласының ішкі ресурстарын бағалай отырып, автокөлік жуу орындарында пайдаланылған суды тиімді тазарту жолдарын анықтау.
Айдананың айтуынша, зерттеу бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Жобаға дайындық барысында әдебиеттік шолу жасалып, тақырып бойынша бар ақпарат жинақталыпты. Кейін экспедициялық кезеңде Айдана жобасының жетекшісі Эльмира Акимовамен бірге автокөлік жуу орындарында қанша су пайдаланылып жатқаны туралы зерттеу жүргізіп, ауызсу сапасының ластануына қатысты деректер жинаған.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Шағын және орта бизнес нысандары ауызсуды пайдаланатындықтан суды қайта пайдалану технологияларын енгізудің шұғыл қажеттілігі бар», –деген болатын. Сондықтан да Айдана Құрбанованың ғылыми жұмысында автокөлік жуу орындарында суды қайта пайдалану жабық циклі арқылы жүзеге асатыны туралы көрсетілген. Сондай-ақ фильтрді шынайы өмірде автокөлік жуу орындарында қолданудың 3D макеті ұсынылған.
Эксперименталдық кезеңде суды қайта өңдеуге арналған фильтрдің тәжірибелік үлгілері жасалып, соңғы аналитикалық кезеңде фильтрдің тиімділігін бағалау үшін автокөлік жуу орындарының иелерімен экономикалық және экологиялық тұрғыдан талдау жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде ұсынылған «Natural Cone» фильтрі автокөлік жуу орындарында суды 80-90 пайызға дейін үнемдегені белгілі болады. Жабық цикл жүйесі іске қосылғанда 1 400 литр судан 1 260 литр таза су алынатыны анықталыпты. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ. Себебі олар су тұтынуды азайтып, су салығын төмендетеді екен.
Аталмыш жоба авторы Қазақстандағы экологиялық мәселелерге жаңа көзқараспен қарауды мақсат тұтқан. Сол үшін де ұсынылған фильтр қазақстандық кәсіпкерлерге су ресурстарын үнемді пайдалануға көмектесіп, елдің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қосады. Бұл ғылыми жұмыс су ресурстарын үнемдеп, ауызсу мәселесін шешуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.
«Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді халық даналығы. Олай болса, су ресурстарын үнемдеу жолында ізденіп жүрген өнертапқыш өреннің талабына нұр жаусын демекпіз!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ