Тарихты топырақтан аршып жүрген Салтанат
Жуырда Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл сыйлық қоғамдық пайдалы бастамаларды дамытуға елеулі үлес қосқан еріктілерді ынталандыруға және волонтерлік қозғалысқа жаңа қатысушыларды тартуға бағытталған.
Биыл комиссияның қарауына 15 бағыт бойынша 118 өтінім түсіпті. Мұқият іріктеудің нәтижесінде 47 үміткер жеңімпаз атанды. Олардың қатарында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім меңгерушісі Салтанат Ділдәбекова да бар. Жерлесіміз «Жыл волонтері – 2024» халықаралық сыйлығының «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталды.
Салтанат Жұлдызбекқызы бала күнінен тарих пәнін жақсы көріп, болашақта тарихшы болуды армандайды. 2014 жылы практика жүзінде Жұман Смаиловтың жетекшілігімен «Көне Тараз» аумағында археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Жетекшісінің өз ісіне жауапкершілігі мен адалдығы балауса қыздың да қызығушылығын оята түседі.
Әсіресе жер астында сақтаулы күйінде қалған зергерлік алтын және күмістен жасалған бұйымдар таңғалдырады. Кешегі күн тарихқа айналып кетсе, келер күн ертеңгі тарихқа айналатынын, әрбір жәдігерге құрметпен қарау қажеттігін түсінеді. Сол сәтте өзінің мамандық таңдауда қетелеспегеніне көзі жетеді.
Салтанат еңбек жолын 2017 жылы Алматы қаласындағы «Казархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғылыми қызметкерліктен бастайды. 2021 жылдан бері облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді.
Салтанат кез келген адам бойындағы Отанға, туған жерге, елге, өз ісіне деген махаббаттың құдіреті биік белестерді бағындыратынына сенеді. Ол кешеден бүгінге жеткен әрбір дүниенің қадірлі екенін жас ұрпақ сезінуі тиіс екенін айтты.
Тарихтан сыр тартқан Салтанаттың бүгіні биік, ертеңі еңселі болғай! Еңбегіңнің жемісін көруге тілектеспіз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ