Қоғам

Жамбылда асабалар одағы құрылмақ

Бүгінде екінің бірі асаба болып кеткенін көзіміз көріп жүр. Рас, бұрын да қазақтың той-томалақ, ас-жиыны асабасыз өтпеген. Оны басқаруға ел ішінде беделді, құрметті, сөзге шешен, ойға жүйрік, салт-дәстүрге жетік, әдебі өзгеге үлгі боларлық адам таңдалған.

Бүгінгінің той-томалағы қанша жерден заман ағымына лайықталып өткізілуде дегенімізбен мұндай жиындар өзінің жөн-жоралғысымен, мәдениетімен өтуі тиіс. Өйткені той – халықтың қазынасы. Кейбір тойдағы мәдениетсіздік пен жүгенсіздік шектен шығып кеткен соң той өткізуге қатысты бір жүйенің қажеттілігі қоғамда көптен бері оқта-текте болса да мәселе ретінде көтеріліп қалып жүрген еді. Басқа өңірлерді қайдам, біздің Әулиеата өңірінде осының бір шешімі табылатын күн туған секілді. Анығын айтқанда, жақында Жамбылда өтетін той-томалаққа өзгеріс енгізілетін көрінеді. Облыс орталығы – Тараз қаласында бұрын-соңды болмаған асабалар одағы құрылмақ. Осыған орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынан арнайы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылып, мұнда той тізгіндеп жүрген азаматтарға арналып танымдық семинарлар өткізіліп, лекциялар оқытылмақ. Көпті көргендерің көксейтіні – тойды тоқтату емес, оның мәнін кіргізу.

Жасыратыны жоқ, той иесін ортаға автокөлікпен не атпен, түйемен шығару, таққа отырғызып, төбеге көтеру, биші қыздардың жартылай жалаңаш денесімен қонақтарды ыңғайсыз жағдайда қалдыруы, әдептен озған ойындар, асыра сілтеу қазақ тойының қадірін қашыруда. Ысырапшылдық, аста-төк дастарқан, бір тойда дастарқанға үш түрлі тағам қойылуы әдетке айналды. Асабалар да кейде артық сөйлеп, көпшіліктің сынына ұшырауда. Той үстінде шетелге жолдама сыйлау, көлік сыйға тарту – әрине, жақсы. Бірақ оны біреудің қалтасы көтерсе, екіншісінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Оның үстіне әрбір тойдың өзіндік орны, мән-мағынасы бар. Мәселен, бесік тойға ер-азаматтар да шақырылып, рәсім кезінде олардың бәрі сыртта тұрады. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер сынды қуаныштар үйде аталып өтсе, оның несі айып?

Аталған орталық облысымызда қазақ тойының салиқалы түрде өтуіне осылай атсалыспақ. Жергілікті билік пен ақсақалдар мыңжылдық дәстүрімізді барынша дәріптеп, дұрыс көрсете білу үшін осындай қадамға барған екен. Осыны той иесі мен асабалар құлаққа ілсе, қанекей?!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА