Қоғам

Ат қоюдың да жөні бар

Еліміз егемендік алғалы жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанып, тіліміз бен діліміз жандана түскені белгілі. Осы бір баға жетпес тәуелсіздіктің арқасында ешкімге жалтақтамай, жалынбай, еңсемізді көтеріп, еліміздің ертеңі үшін еңбек ете бастадық. Тоқырау жылдарында жұмысы тұралап қалған көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың тамырларына қайта қан жүгіргені де бәрімізге аян. Сонымен қатар орта және шағын бизнеске жол ашылып, әркім өз кәсібін дөңгелете білді. Әрине, бұл қуантарлық, құптарлық әрі берекеті бар әрекет. Бірақ «Әттеген-ай!..» дегізетін жақтары да жанымызға батып жатты. Еркіндік алған осы екен деп орынсыз еркелеп, шамадан тыс еркінсіп кетіп, тілімізбен қатар әдебиетіміз бен мәдениетімізге де, өнерімізге де көлеңке түсіріп жүргендер жоқ емес.

Мәселен, өзге ұлттар мен орыстілді қазақтарды айтпағанда кейбір қазақтардың да түрлі мақсатта соққан нысандарына шет немесе орыс тілінде ат қойғандары аз емес. Сондай-ақ ана тілімізде жазылған сөздер мен атаулардың өзіндегі қателерден көз сүрінетін. Бірақ Аллаға шүкір, тілдерді дамыту орталығы қызметкерлерінің, өзге де тіл жанашырлары мен қоғам белсенділерінің және БАҚ өкілдерінің араласуымен қазір сол қателіктердің көбі түзетілді. Әлі де осындай игілікті жұмыстар жалғасын тауып, оң нәтижесін беретініне сенгіміз келеді.

Ал осы мақаланы жазуыма түрткі болған және көзге ерсі көрініп, ойға қалдырған «хан» деген немесе осы сөзбен бірге жазылған атаулар еді.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, дәлел үшін бірнешеуін атап өтер болсам, Тараз қаласының «Ақбұлақ» ықшамауданындағы «Хан» сән салоны, «Талас» ықшамауданындағы «Khan Fitness», «Хан сервис» көлік жуу орталығы, Жамбыл даңғылының бойындағы «Хан төрі» және «Хан сарай» мейрамханалары, «Хан» техникалық қызмет көрсету орталығы, «Хан Атлас» кафесі, Саңырақ батыр көшесіндегі «Хан самса» шағын цехы, «Аса» ықшамауданындағы «Хан Төре» дүкені, Достоевский көшесіндегі «Хан securitu» деп жалғасып кете береді. Сондай-ақ мұндай атауларды облысымыздағы аудандар мен ауылдардан да, өзге өңірлерден де көріп жүрмін. Және автобустар мен жеңіл көліктердің маңдайшаларынан да көргенім бар. Бірақ олардың бәрін атап шығып, оқырмандарды жалықтырып алғым келмеді.

Менің білуімше, бұлар адамның есімі емес екен. Неге бұлай атағандарының себебін білмек болып едім, өкінішке қарай, бұл әрекетімнен ешқандай нәтиже шықпады. Басшыларымен жолығудың сәті түспеді. Ал әкімшілері (админстратор) мен жұмысшылары жарытып жауап бермеді. Кейбіреуімен телефон арқылы хабарласып едім, «солай қойғымыз келген соң қойдық» деп анық ештеңе айта алмады. Енді бірі жауап беруден қашты.

«Шешінген судан тайынбас» демекші, сонда да қайтпай, осыған жауапты-ау деген бірнеше мекемеге бас сұқтым. Кейбіреуі бір-біріне сілтеді. Ал жауап бергендері «қандай ат қойса да біз оларға ештеңе дей алмаймыз, өйткені ол солардың жекеменшігі» деп заң бойынша да, тәртіп және мәдениет пен этика жағынан да дұрыс не бұрыс екенін анықтап айта алмады. Дегенмен жекеменшік болсын, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар болса да Ата Заңымыз бен ар-ұяттан аттап кетуге болмас деп ойлаймын. Ал сол жердегі кейбір мамандар мен өзге де лауазымды кісілердің бірнешеуі және қарапайым халық та «Бұл сөздің төркінін білмей жатып «хан» деп атау дұрыс емес шығар. Жоғары жақтан ескертіп, тоқтатпаса мұндай атаулардың қаптап кетпесіне және «хан» сөзінің қадір-қасиетін қашырып, мән-мағынасын жеңілдетіп алмасымызға кім кепіл?» деп өз пікірлерін білдірді.

Негізі баршамыздың білуіміз бойынша, хан сөзінің де киесі бар әрі ең жоғары лауазым. Және үлкен жауапкершілікті, білім мен парасаттылықты, даналық пен қайсарлықты, орнымен қаталдықты да талап ететін қызмет.

Бұрынғы қиын-қыстау замандарда хан сайланған азаматтар таққа отырып қана қоймай, халықты тығырықтан алып шығудың жолын көбірек ойлап, ішкі ынтымағы мен тыныштығын сақтап, сенім-үміттерін ақтап, ел тағдыры мен болашағына қатты алаңдап, барынша дұрыс әрі абыроймен басқара білген. Және халқының арман-мұраттарын өз арман-мұраттарынан биік қойған хандар мен патшалардың аз емес екені тарихтан белгілі. Ал хан сөзінің патша, ел билеуші, ел басқарушы, ал қазіргі тілмен айтсақ, елбасы, президент секілді бірнеше баламасы мен түсінігі де бар.

Айтпақшы, жақсы таныстарымның бірі итіне Хан деп ат қойғанын жақында естіп, жағамды ұстадым. «Итіңе неге мұндай ат қойдың?» деп сұрағанымда ол: «Менің итім иттердің ішіндегі ханы болсын деп қойдым», – деді өзінше мәз болып. Енді бірі астындағы атына Хан деп ат қойыпты. «Негізі таққа да, атқа да алдымен хандар отырушы еді, ал сен ханның үстіне отырып алыпсың ғой» деп қағыта сөйлеп, сосын іштей «Ей, қазағым-ай! Хан деген сөзді адам мен мекемелерге қойғандары аздай, енді жан-жануарларға да қоя бастапты ғой» деп налып едім.

Мен бар болғаны көзбен көріп, көңілге түйгенімді айтып, көпшілікпен ой бөліскім келді. Әлі мен де, сіздер де көрмеген осындай немесе осыған ұқсас атаулары бар орындар көп шығар, бәлкім, кім білсін?

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, алдағы уақытта кім болсақ та және қай жерге қандай ат қойсақ та білетіндерден сұрап, асықпай ойланып барып қойғанымыз жөн болар еді, ағайын. Сонда мұндай кемшіліктер орын алмай, екі жұмыс болмайтын еді деп ойлаймын.

Ал бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай, қадірменді оқырман?

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын, журналист