Қоғам

Студенттер мәселесі – қоғамдық кеңес назарында

Қай кезде де жастардың алдын тосып тұратын жаңа мүмкіндіктер де, салын суға кетіретін қиындықтар да қатар жүретіні ақиқат. Бір студент оқуының ақысын төлей алмай қиналса, тағы бір жас жұмысқа тұра алмай қамығып күн кешеді. Енді бірі заңнан әділдік іздесе, бір өреннің кәсіп бастауына әкімшілік, заңдық кедергілер мұрша бермеуі мүмкін. Мұндайда олардың өздері немесе ата-анасы жергілікті жердегі қол ұшын береді-ау деген ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді жағалайды.

Жамбыл ауданы, Гродеково ауылының тұрғыны Қалымкүл Жасыбекқызы (аты-жөні өгертілді) редакциямызға хабарласып, қызының тегін білім алуына көмектескен облыстық қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс білдіргісі келетінін жеткізді.

Мемлекет тарапынан білім алуға, жұмысқа орналасуға, кәсіп бастауға, спортпен, түрлі шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалып-ақ жатыр. Дегенмен жастардың күнделікті тіршілігінде осы секілді шешімін таппай жатқан түйткілдер ескерусіз қалмағаны бізді де қуантты. Осы орайда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Жаңабекұлына хабарласып, мән-жайға жете қаныққан едік.

Осы тұста ең негізгі айта кетер жайт, бір адамның мәселесін көтеру арқылы ондағы осы санатқа жататын, яғни ата-анасының мүгедектігі бар немесе үлгерімі жақсы жастарға жеңілдік беру мүмкіндігінің жасалуы. Нақты айтар болсақ, университеттің 2021 жылы қабылдаған ережесінде ақылы негізде оқитын студенттерге жеңілдіктер беру қарастырылмаған екен. Қоғамдық кеңестің хатынан кейін осы сұрақты шешу үшін ақылы негізде оқитын студенттерге 30 пайыз жеңілдік беру туралы университет ішкі ережелеріне өзгеріс енгізуді қолға алған көрінеді.

Облыстық қоғамдық кеңеске 23 қазанда жолданған хатта университет тарапынан аталған мәселе бойынша директорлар кеңесінің қабылдаған шешіміне қарай тиісті жұмыстар жүргізілетіні туралы ресми хат жіберілген екен. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз.

Жалпы ақылы негізде білім алатын студенттерге, оның ішінде әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылардан шыққандарға қолайлы жағдай жасалып, алаңсыз білім алуына мүмкіндік берілсе, бұл расында да қоғамның ілгерілеуіне негіз болмақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ