Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына әсер етеді
Кез келгеніміз ақшадан қысылғанда ломбард жағалайтынымыз жасырын емес. Айналамыздағылардан қарыз сұрап қиналғанша ломбардқа алтын бұйымымызды өткізе тұрғанды жөн көреміз.
Дегенмен енді алтыныңызды ломбардқа өткізердің алдында асықпай ойланып шешім қабылдағаныңыз дұрыс. Ақша ауадай қажет кездің өзінде алтын бұйымыңызды ломбардқа өткізуге асықпаңыз. Себебі ломбардтар микроқаржы ұйымы болып есептелетіндіктен ондағы мәмілелер несие тарихында таңбаланып қалады.
Осы сауалға жауап алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласы бойынша өңірлік өкілдер бөлімінің басшысы Дәурен Төлепбергеновке хабарластық. Маман ломбардтағы өтелмей қалған қарыз кез келген жағдайда несие тарихында көрсетілетінін растады.
Агенттік берген мәлімет бойынша, ломбардтан қарыз алған клиентке 30 күн уақыт беріледі. Бұл мерзім аяқталғанда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды сатуға немесе өз меншігіне қалдыруға құқылы. Ол кезде клиент ломбард алдындағы қарызынан босатылады. Бірақ 30 күн – азаматтың кредит тарихына «просрочка» деген белгі қалдырады. Демек, уақытында қайтпай қалған қарыз клиенттің кредиттік рейтингін түсіреді деген сөз. Яғни азамат келешекте банктен несие алатын кезде кредитор оған қарыз бермей қоюы әбден мүмкін.
Егер алтын немесе басқа да кепілге қойылған затты қайтару мерзімі аяқталса және оны қайта алуға мүмкіндігіңіз болмаса ломбардпен байланысып, мерзімді ұзартуға немесе қарызды бөліп төлеу жолдарын қарастыруға болады екен. Ломбардтағы қарыздарыңыз несие тарихына тікелей әсер етпесе де жалпы қаржылық әдеттеріңіз болашақ қаржылық шешімдерге ықпал етуі мүмкін екенін естен шығармаңыз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА