Кәсіп

«Ернардың» ерекшелігі – этностиль

Ерінбеген адам кез келген кәсіпті игереді. Бақ пен дәулет еңбекқор адамға қонады. Ізденіс пен еңбекқорлықты жанына серік еткен Қайнар ауылының тұрғыны Күмісай Бақытжанқызы көп адамның ойына келмеген істің көзін тауып, табысын тасытып отыр.

Күмісай Қуатбаева 1995 жылы 22 қазанда Байзақ ауданы, Базарбай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Информатика жүйесі» мамандығына оқуға түседі. Үшінші курста оқып жүріп, жүрек қалауымен Ермекке тұрмысқа шығады.

Бала күтімімен 8 жылдай үйде отырған ол жолдасына жеке кәсібін ашқысы келетіндігін, этностильді дәріптеуге ден қойғандығын жеткізеді. Cөйтіп, «YouТube» арнасынан осы кәсіпке қатысты ақпараттарды оқып, ақылы дәрістер ала жүріп ісін бастайды. Алғашында қиындықтар туындағанына қарамастан өз-өзін қамшылай отырып, трендке айналған ою-өрнектерге зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Соның арқасында тың ақпараттармен білімін толықтырып, жолдасының қолдауымен ою-өрнекті кестелейтін тігін машинасын алуға қол жеткізеді.

Кейіпкеріміз кәсібінің ауқымын кеңейту үшін 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алады. Қайтарымсыз грант алу үшін жобасын қорғап шығады. Қаражатқа көпбейінді тігін машинасын алып, ісін ары қарай дөңгелетеді.

Биылғы жылы Күмісай қолда бар қаражатты үнемдей отырып, жолдасының қолдауымен кәсібін өркендету мақсатында баннер шығаратын аппарат алған екен.

Қазіргі таңда тапсырыспен баннер шығару, ғимараттардың қасбетіндегі атауларын көркемдеп жазу, той иелерінің аты-жөнін, мерейтойын көрікті етіп әспеттеу, бұдан басқа да қызметтерді тұрғындарға ұсынып отыр.

«Ернар» атауын иеленген жеке кәсіпкерлікте бірнеше азамат жұмыспен қамтылған.

Қазақы ою-өрнекті кестелеп салудың шебері атанған Күмісай Бақытжанқызы 3 баланың анасы. Ата-енесінің көңілінен шығып, ибалы да ізетті келін атанып отырған ол үшін тауардың сапасы, ою-өрнектің алуандығы, бағасының қолжетімдігі маңызды. 

Ісінен береке тауып, өзіндік брендін қалыптастырған Күмісай Қуатбаева қайырымдылық шараларына да белсене қатысып, қоғамның осал топтарына демеушілік көрсетіп келеді.

Гүлжан ТҰРСЫНХОДЖАЕВА,

журналист,

Байзақ ауданы