Темір жонып, техниканың тілін меңгерген
Мамандық туралы сөз қозғасақ, қазір ауылшаруашылығы саласында білікті мамандардың тапшы екені бірден ойға оралады. Техниканың тілін меңгеру арқылы ауылшаруашылығы техникаларын жүргізіп, бұзылған жағдайда оны жөндей беретін кәсіби мамандар өте тапшы. Бір сөзбен айтқанда, механизаторлар «қартайып» барады. Уақыт өтеді, заман алмасады. Қай салаға болса да алдыңғы буын өкілдерінің орнын басатын білікті жас мамандар бізге ауадай қажет-ақ.
Кәсіби-техникалық мамандықтардың бәсін арттырып, білікті кадрларды даярлау ісіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отырғаны белгілі. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы жаңа Жолдауында бұл мәселе туралы: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деп ерекше атап өтуі де тектен-тек емес.
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар біздің қоғамда қашанда құрметті, сыйлы. Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асыру ісіне және қоғамның дамуына өзінің адал еңбегі мен кәсіби біліктілігімен атсалысып келе жатқан бірегей азаматты біз Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылынан кездестіріп, әңгімелескен едік.
Ауылшаруашылығы саласына ең қажетті саналатын токарь мамандығын жетік меңгерген Әлімхан Жапарбековті бар өмірін еңбекке арнаған жан деп айтуға болады. Ол екінің бірі игере алмайтын токарь мамандығын терең меңгеріп, қазір ауданның ауылшаруашылық техникаларына сапалы қызмет көрсету үстінде. Осыған дейін үй ауласындағы шағын бөлмеде қысылып-қымтырылып жұмыс істеп келген ол қызмет көрсету ісін кеңейтуді ойластырып, осыдан бес жыл бұрын үйіне жақын маңнан алған 15 сотық жер теліміне токарлық цех ашу үшін шағын ғимарат салады. Бұл іске келіншегі де атсалысып, оған жеңілдетілген несие қаражатын алуға қол ұшын бергенін айтады.
Бұл отбасылық кәсіп болғандықтан токарлық және бұрғылау-фрезерлік цехтың ашылуына отанасы несие қаражатымен қолдау көрсетсе, оның жұмысын отағасы Әлімхан Жапарбеков жүргізеді. Мұнда негізінен ауылшаруашылық техникаларына қызмет көрсетіледі. Жер өңдеуге арналған доңғалақты трактор, К-700, К-701, астық дәнін жинайтын комбайн, шөп оруға арналған техникалар, ауылшаруашылығына арналған тіркемелердің сынған бөлшектері, сондай-ақ жай адам жөндей алмайтын істен шыққан қиын бөлшектер осындағы станоктарда жонылып, қайта қалпына келтіріледі. Әрине, бұл сөзбен айтуға ғана оңай болғанымен, шындығында, сынған, майысқан ауыр темір бөлшектерді қиюластырып, оны жону арқылы қалпына келтіру токарь маманнан ептілікті, шеберлік пен өте дәлдікті талап етеді. Кеңес одағы тұсында бұрынғы М.Горький атындағы ұжымшарда ауылшаруашылық техникаларын жөндеу-монтаждау кешенінде (МТМ) жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған кейіпкерімізге істен шыққан бөлшектерді қалпына келтіру, жөндеу аса қиындық тудырмаса керек. Тек істің көзін тауып, ерінбесең болғаны.
Кейіпкеріміздің өз ісіне берілгені соншалық, жұмысқа таң қараңғысынан аттанатын ол үйге түннің ортасында бір-ақ оралады. Өйткені көктемгі, күзгі дала жұмыстары және жаздағы егін, шөп орағы науқаны кездерінде өңір шаруашылықтарында, әсіресе алқап басында бұзылып, сынған ауыр техникаларға сол жерден қызмет көрсетіледі.
Бұзылған күрделі бөлшектер негізінен цехта қалпына келтіріледі екен. Ол үшін шебердің токарлық, бұрғылау-фрезерлік цехында төрт бірдей станок тұрақты жұмыс істейді. Оның екеуі темір бөлшектерді жонуға арналса, қалғандары бұрғылау (тесу) және фрезерлік жұмыстарды атқаруға арналған. Шебердің цехы жұмысқа қажетті басқа да құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Қай кезде де өз ісін сүйіп атқарып, қиындықтан қорықпайтын кейіпкеріміз Үкіметтен қаржылай көмек-қолдау болса, цехтың жұмысын кеңейтіп, оның жанынан дәнекерлеу цехын және темір ұстаханасын ашсам деген ойы бар екенін жеткізді.
Айта кетсек, мамандығын мақтаныш тұтатын шебер, өз ісінің нағыз майталманы Әлімхан Әбдуатұлы Семей полигонының қатысушысы, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азамат. Отбасында жұбайы Ақжайқын Момынова екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Екі ұлы да техникаға жақын. Шебер өз сөзінде екінші ұлы Әлиден көп үміт күтетінін айтады. Ол қазір колледжде токарь мамандығын игеруде.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист,
Жуалы ауданы