Адал жастар – келешектің кепілі
9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінде «Адал жастар – парасатты қоғам кепілі» атты форум өтті.
Форумға азаматтық қоғам белсенділері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім саласының мамандары мен студенттер қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді», – деген болатын.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алғашқы болып сөз алып, қоғамға ең қажетті қағида – адалдық туралы әңгіме өрбітті.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Дәурен Омаров жиын барысында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Қасымхан Төлендиев кісі бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру жолында атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып өтті.
Форум соңында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және парасаттылық қағидаларын нығайтуға үлес қосқан қоғам белсенділері облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ