Жаңалықтар

Түркістан облысында 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты

Ауыл тұрғындары осы ретте учаскелік полиция инспекторлардың еңбегі көп екенін айтып, алғыс білдірді,деп хабарлайды arainfo.kz

Polisia.kz-тің мәліметінше,Түркістан облысында “Ішімдіксіз ауыл” жобасына 30-ға жуық ауыл қолдау білдірген.

Жоба аясында Ордабасы және Мақтаарал аудандарында 5 ауыл, Келес ауданында 4 ауыл, Сайрамда 3 ауыл, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында 2 ауылдан, ал Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында бір ауылдың тұрғындары спирттік ішімдіктер сатудан бас тартты.

Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елдімекенінде 1835 адам тұрады. Бұл ауылда бір мектеп, екі балабақша және үш дүкен қызмет көрсетеді. Нұртас тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысып, құрт пен май дайындаумен күнелтеді. "Қаймағы бұзылмаған" ауылда үлкендер жастарға өнегелі тәрбие беріп, ал жастар ауылды көркейтуге белсене атсалысып келеді. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген ұстанымды ұстанған ауыл тұрғындары ағаш егу, сенбілік өткізу секілді шараларды дәстүрге айналдырған.

Ауылдағы тыныштық пен тәртіптің сақталуына учаскелік полиция инспекторларының еңбегі зор екенін тұрғындар ерекше атап өтті. Учаскелік инспекторлар әр үйдің жағдайымен танысып, күнделікті бақылау жұмысын жүргізуде. Соның нәтижесінде, жобаға қатысқан 30-ға жуық ауылда бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген.

Бұл бастама полиция мен қоғамның бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі екенін көрсетеді. Осындай ізгілікке бет бұрған ауылдар саны артып, қылмыссыз қоғам құру бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.