Спорт

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Жуырда облыстық жастар ресурстық орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай осы салада еңбек ететін қызметкерлер арасында спартакиада ұйымдастырылды.

Спорттық іс-шара екі спорт түрі, яғни ерлер арасында футзал және әйелдер арасында волейбол бойынша өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спартакиада өткізудегі басты мақсат – жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері арасында бірлікті нығайтып, ынтымақтастық қарым қатынасты қалыптастыру.

Спартакиадаға қатысушылар жарыс болса да әріптестеріне деген сыйластықтан аттамай, әдемі ойын үлгісін көрсетті.

Жарыстың қорытындысы бойынша футзалдан Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының командасы І орынды иеленді. Т.Рысқұлов ауданының командасы ІІ орынды қанжығасына байласа, Байзақ ауданының командасы үздік үштікті түйіндеді.

Волейболдан Шу ауданының командасы жеңімпаз атанды. Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ІІ орынға лайық деп танылса, сарысулық жастар ІІІ орынды місе тұтты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ