Мәдениет

Қосесімділер «әлемі»

Негізінде біздің қазақтар жан-жақты ғой. «Қазақтар төрт жыл оқып бакалавр, одан соң магистратураға түсіп, магистр болып миын ашытпай-ақ, мектеп бітіре сала аттестатпен кез келген жерде жұмысын дөңгелетіп алып кете береді», депті шетелдің бір ғалымы.

Мұның себебі қазақтарда екі есім болады. Екі есімі болғандықтан олардың миы жақсы істейді. Мұны көбінесе қытайлар айтады дейді. Аллаға шүкір, мұндай қосесімділер елімізде қаптап жүр ғой, қаптап жүр! Қосесімділер мектеп оқушыларынан бастап студенттер, ғалымдар, жазушылар, әртістер, инженерлер, дәрігерлер… бәрінде кездеседі.

– Қосесімділер Жер планетасында бізден басқа елдерде мүлде кездеспейді. Сол үшін біз мақтануымыз керек! Бізде шақалақ шыр етіп дүниеге келген соң, көп ұзамай әкесі азан шақырып сәбиге есім қояды. Мысалы, Әсел деп. Әрине, Әсел – ғажайып поэтикалық есім. Сол Әселіміз туу куәлігін алған соң Асель болып шыға келеді, яғни Әсел-Асель – қосесім.

– Мәселен, Әсел мектепке барғанша Әсел, мектепке кірген соң Асель болып шыға келеді.

– Мектепке кіргенде қалай Асель болып өзгереді?

– Сынып журналында Асель. Сабақ біткенше Асель, сабақ біткен соң мектептен сыртқа шығады ғой, сол кезден бастап Әсел.

– Осы қазақтар ғажайып халық!

– Біз көп ойлайтын халықпыз, көп ойлайтын адам көп ұйықтайды.

– Жоғары оқу орнында оқитын студенттер арасында да қосесімділер бар ма?

– Әрине, мысалы, университетке барамын дегенше Әлия болып барады да, аудиторияға кірген соң Алия болып өзгереді. Әлия – профессордың журналында Алия!

– Әрине, мысалы, Әлібек – Алибек, Құтбай – Котбай, Әндірбай – Андирбай, Әнел – Анель, Әсемгүл – Асемгуль, Әбдеш – Абдеш, Сәмен – Семен, Өркен – Оркен. Осылай жалғасып кете береді.

Көршім Жолдас аға да менің айтқанымды мақұлдайды:

– Иә, солай, біз – қазақтар ерекше халықпыз.

Бірде алтыншы сынып оқушысы Өнімгүлді ұстазы атын атап тақтаға шақырған ғой. Сонда әлгі Өнімгүл үйіне барып шешесіне: «Мені сыныпта ұстазым Өнімгүл деді, негізі Онимгул деп шақыру керек еді», – депті. Сонда шешесі мәз болып: «Менің қызым мұғалімінен де озық ойлайды», – деп көршілеріне мақтаныпты.

– Онимгул не болды?

Юлдаш ака да, Жолдас аға да ішек-сілесі қата күлді.

Жолдас аға оған:

– Жоқ, зейнетке шыққанша ғана. Зейнетке шыққан соң Олкебек, Онимбай, Акимбек, Такебай, Утеубай деген есімдер алынып тасталады. Халықты әлеуметтік қорғау мекемесі қосесімділерді бір есімдікке көшіреді. Әйтпесе зейнетке шыға алмайды.

– Қазақтың қариялары зейнетке шыққан соң неге ақылды болады десем, қосесімнен құтылып, бір есіммен қалады екен ғой. Енді түсіндім…

Қосесімділер әлеміне аңдамай кіріп кеткен Юлдаш ака Жолдас ағамен, менімен әрең қоштасты:

– Үкә, сізде қызық әңгіме көп екен. Қосесімділер әлемінен кеткім келмей тұр...

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі