Руханият

ТІЛ БІЛІМІНІҢ АТАСЫ – АХМЕТ

ТІЛ БІЛІМІНІҢ АТАСЫ – АХМЕТ

Ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл.

Ахмет Байтұрсынұлын Абай тілімен айтқанда «толық адам» деп айтуға толық негіз бар. Бір бойында бірнеше өнердің басы тоғысып, болмысы жақсы қасиеттермен нұрланған асыл жан. Біз бүгін ағартушының бір қырына ғана тоқталмақпыз. Ол қазақ балаларының сауатты болуын қалап, ілім жолына түссе деп армандады. 1896 жылдан бастап сол жолда шөп арасынан ине іздегендей аянбай еңбек етіп, тер төкті. Киіз үйде өсіп, мал баққан қазақ балаларының білім алуы үшін күрескенін «Қазақ» газетін шығара отырып, сонда көтерген мәселелерден анық бағамдаймыз. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», деп отарландыру саясаты жүріп жатқан тұста қазақ балаларының ана тілінде сауатты болып өсіп, жаза алуы үшін аянып қалмады. Ана тілінде оқулықтар жазып, халық ағарту кадрларын дайындап, жас қазақ интеллегенциясының қалыптасуына негіз болды. Бір өзі қазіргі бір институттың жұмысын жасады деп айтуға болады. 24 таңбадан тұратын өзі «Қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Осы жазуды үйрететін әліппе жазды. Оқу-ағарту идеясына сол кездегі интеллегенция жаппай мойын бұрды. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліпбидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танытудағы қызметі қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласты. Әйгілі «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын оқулық жазды. «Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Жалпы, қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл – құралының» орны айрықша. «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деп жанын жегідей жеп тіліміздің тазалығы һәм шұбарланбауы үшін күресті. Елі үшін өз өмірін құрбан еткен ұлтымыздың айтулы тұлғасының бұл сөзі күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай келеді. Аласапыран заманда болашақты болжап, халқының қамын ойлаған кемеңгердің сұңғыла ойына таңданбай көріңіз. Бүгінде мектеп қабырғасындағы оқушылардың ойлау деңгейі мен сөйлеу мәнерімен, тілдік жұтаңдықпен күресіп келе жатсақ та, Ахмет атамыз айтқан мәселе түйіні шешілмей, күн өткен сайын қордаланып келе жатқаны сіз бен бізге айқын. «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз», деп ұлт маңдайына бақ болып біткен ғалым бізге осылай өсиет айтып кеткен. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың ағылшын тілін мектептерде 3-сыныптан бастап оқыту керек деген шешімінің астарында бабалар айтқан өсиеттің негізі жатқандай. Олай болмағанда қазіргі өскелең ұрпақтың тілі шұбарланып бара жатқаны жанымызды жаралайды. Үйінде ана тілінде сөйлескенімен ұялы телефоннан көретін мультфильмдерінің барлығы дерлік орыс тілінде. Біз ұрпағымызды орыс тілінде оқытпасақ та, ортасы мен ақпараттанған, техникаланған жаңашыл қоғам балалардың өзге тілде сөйлеуіне жақсы жағдай жасап қойғандай. Ахмет бабамыздың өсиетін негізге алып, ұстаздар мектеп қабырғасын аттаған оқушыдан ана тілін қадірлеуді үйретіп, тәрбие жұмыстарын жүргізіп күресетіні айқын. Дегенмен бұл күресте бар жүкті ұстаздардың мойнына артып қоюға болмас. Қоғам болып жараны жазу үшін күресуге міндеттіміз. Сайып келгенде күндіз-түні ұлтының қамын жеген сүйегі асыл қайраткерлердің алдында біз мәңгі қарыздармыз.

Сандуғаш БЕШТАЕВА, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Тараз қаласы