Иман – туралықтың көшбасшысы
Мешіт имамдары – тіршілік түсінігіне тұжырымдама беріп, адамзатты тура жолға нұсқап, асыл дініміздің көшбасшылары болып жүрген жандар. Бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Тұмарбекұлы Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінің бас имамы. Жақында айтар ойы көп имам ағамызбен кездесіп, дініміздің діңгегі мен ұлт тәрбиесі тұрғысында әңгіме өрбіткен едік.
Төле би бабамыз «Болатын жігіт әуелі өз нәпсісін билейді, одан кейін ағайындарын, одан кейін аймағын билейді» деген екен. Осы тұста Қанат Тұмарбекұлы дана бабамыздың ұлағатты сөзі Абайдың «толық адам» ілімімен астасып жатқанын айтып, өз ойымен бөлісті.
Қ.Тұмарбекұлының айтуынша, молда болу мақсат емес, мұсылман болу – парыз. Молда атаулыны әжуа қылу ежелден келе жатқан әдет. Әсіресе кеңестік кезеңде қатты белең алған. «Құдай жоқ» деген қоғам жасау барысында молда атаулыны түп-тамырымен жоқ қылу көзделген.
Қазіргі сәтте Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылында жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын құмжоталық жастар «Қарқаралыда «Құнанбай» мешіті болса, Құмжотада да «Дәуіт ата» мешіті тұрғаны жақсы емес пе?» деп ортаға ұсыныс тастайды. Жігіттердің жарқын бастамасын жергілікті жұрт та құптай кетеді. Құрылысы аяқталса, жаңа мешіт құмжоталықтардың құлшылық ететін орнына айналмақ.
Сөз соңында Қанат имам «Ұлт тәрбиесінде, қоғамда діннің рөлі қандай болуы керек?» деген сауалға қатысты ойын білдірді.
Әдемі насихатымен жұртты тарта білетін болғандықтан Қанат Тұмарбекұлының уағызын тыңдауға асығатындар көп. Халықты тура жолға салып, адамгершілікке, жақсылыққа тәрбиелеп жүрген осындай имамдар көп болсын.
Мақсат БЕГІЛДА,
ақын,
Байзақ ауданы