Меркілік жастардың мерейі үстем
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Өйткені олар жаңашылдыққа ұмтылып, мемлекеттің дамуына зор үлес қосатын толқын саналады. Әр заманның өрендері уақыт талабына сай қоғамды алға жылжытуда маңызды рөл атқарады. Бұл ретте жастарды бір арнаға тоғыстыруда әрбір өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының алатын орны ерекше. Ал аталған жастар ресурстық орталықтары өз жұмысын 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдама негізінде жүзеге асыруда.
Меркі ауданында жалпы тұрғындар саны 88 627 адам болса, оның ішінде 14-35 аралығындағы жастар саны – 27 797. Бұл халық санының 31 пайызын құрайды.
Меркі аудандық жастар ресурстық орталығы осы жылдың 9 айында рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 992 іс-шара ұйымдастырып, оған 36 953 жас тартылыпты. Аталған орталық жанынан құрылған «Merki eriktileri» волонтерлік қозғалысының 11 бағыты бойынша 466 іс-шара көрініс тапса, оған 5 320 ерікті қатысқан. «Отбасының цифрлық картасының» орындалуы барысы бойынша аудан аумағында уақытша бос жүрген (NEET) жұмыссыз жастарды өзектендіру үшін орталық мамандары 3 518 жастың мекенжайын жүйелендірген. Нәтижесінде 1 838 жасқа өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, меже 52,25 пайыз орындалған.
Орталық тарапынан екі ірі жобаны іске асыру қолға алыныпты. «Жастарға кеңес» атты жоба аясында барлық ауылдық округтердегі жастарға түрлі сала аясындағы мәселелер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 30 көшпелі кеңес беру алаңы өткізілген. Осы іс-шара аясында 1 986 тұрғын мен жастар қамтылыпты. Ал «Ізгі іс» атты волонтерлік қайырымдылық жобасы аясында 72 іс-шара өткізіліп, оған 652 белсенді тартылған.
Меркі аудандық жастар ресурстық орталығында қадр тұрақсыздығын жою мақсатында еңбекақы 60 пайызға көтеріліпті. Мекемеде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, жұмысқа орналасу мәселелері, волонтерлік қызмет, жастар бастамаларын қолдау бойынша және құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі екен. Коворкинг бөлімі де жүйелі жұмыс істеуде.
Орталықтағы жоғары оқу орнын бітірген қызметкерлердің алды 195 мың теңге еңбекақы алса, ал арнаулы орта білімі бар мамандар 110 мың теңге айлықақы алады. Компьютер секілді құрал-жабдықтар толық жаңартылған. Әйтсе де шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимараты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігінде. Дейтұрғанмен жастардың өз алдына ғимараты болғанға не жетсін? Сондай-ақ басқа жақта өтетін жарыстарға немесе семинарларға, ауылдарды аралауға шыққанда қызметкерлердің жеке автокөлігін пайдалануға тура келеді. Кейде қосымша аудандық «Меркі жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокөлігін келісімшарт бойынша жалдайды. Сол себепті орталыққа аудан әкімдігі тарапынан алдағы уақытта бір топ адам сыятын көлік берілсе, мәселе оңынан шешілмек.
Мұнда жастардың бос уақытын және демалысын ұйымдастырумен, шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы қызметті іске асыратын ұйым да жұмыс істейді. Олардың міндетіне жастар бастамаларын, жобаларын іске асыру, шығармашылық әлеуетті дамыту, фестивальдар, мәдени-ойын-сауық іс-шараларын өткізу, жастар бірлестіктерін, бастамашыл және шығармашылық топтарды қолдау жатады.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, Меркі өңірінде мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытында тындырымды тірліктердің іске асып жатқанына куә болдық. Ендігі кезекте жоғарыда аталған түйткілдердің түйіні тарқатылса, жүйелі жұмыстың одан әрі жандана түсетіндігі сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ