Денсаулық

Бүйрек аурулары өршіп барады

Жыл санап елімізде бүйрек аурулары өршіп барады. Қазақстанда 10 мыңнан аса адам диализге тәуелді. Ал облысымызда 2 000-ға жуық адам бүйрек жеткіліксіздігімен есепте тұр екен.

Жалпы жер бетінде созылмалы бүйрек аурулары 840 миллиондай адамнан анықталса, шамамен бұл – планета тұрғындарының 13,4 пайызы. Бүйректі алмастыру терапиясына, диализге 4,9 миллионнан бастап 7 миллионға жетеғабыл науқас тәуелді. Ал Қазақстанда қазіргі таңда халықтың 10-12 пайызы созылмалы бүйрек ауруларына шалдыққан.

Мамандардың пікірінше, созылмалы бүйрек аурулары ағзада бірден байқалмайды, өкінішке қарай, көп жағдайда асқынған, жанға батқан кезде ғана анықталып жатады. Ал мұның салдары дертті жандарды аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасына байлап қана қоймай, бүйрек трансплантациясына, донорлық бүйректі іздеуге, күтуге тәуелді ететіні аян. Ал мұндай амалдар өте қымбат тұратынын ескерсек, СБА-ны асқындырмай анықтау, емдеу – уақыт өткізбей жасалатын қадам.

Осы орайда біз жуырда қалалық көпбейінді аурухананың консультативтік диагностикалық орталығының нефрология бөлімшесіне арнайы барып, мамандармен сөйлесіп, бүйрек ауруларына қатысты көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

Нефролог, қалалық көпбейінді аурухананың консультативтік диагностикалық орталығының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Парида Құрманбаева 35 жылдық еңбек өтілі бар білікті дәрігер. Айтуынша, қалалық ауруханада еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл болыпты.

Біз барғанда бөлімшеге зәрі жүрмей қалған науқасқа кеңес беру үшін арнайы трансфузиолог дәрігер Динара Тілеуназарова келіп отыр екен.

Нефролог Парида Жорбекқызы жақында ғана Астана қаласында өткен нефрологтар конгресіне қатысып келіпті. Онда бүйрек ауруларын басқарудың үздік практикалары талқыланыпты.

Сонымен, бүйрек ауруының белгілері қандай?

Зәрдің көбіктеніп, түсінің өзгеруі, бойдағы әлсіздік, кіші дәретке отыру жиілігі, іштің ауыруы мен жүректің айнуы, қан қысымының көтерілуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Дерт асқынған жағдайда зәрде қан байқалып, дене қалтырап, бөртпелер пайда болып, адамда мазасыздық пайда болады. Бүйрек ауруы кезінде спорттың ауыр түрлерімен мүлдем айналысуға болмайды. Атап айтсақ, бокс, футбол, күрес, жекпе-жек өнері. Себебі бүйрекке ауыртпалық түсіп, асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан да өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» демекші, аурудың алдын алып, бойыңызды сырқаттан сақтаңыз. Дәрігерге уақытында қаралып, тексеріліңіз. Кейін көрінемін деп жүргеніңізде уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласыз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА