Биыл қыс қандай болады?
Даланың қас-қабағын бағып өскен ата-бабамыз кезінде ауа райына қатысты құбылыстарды жұлдыздарға, үй жануарлары мен аң-құстардың, түрлі жәндіктердің әрекетіне қарап болжаған. Осының ішінде біреу тек аспан денелеріне бақылау жүргізу арқылы болжам жасаса, енді бірі бұрын болған табиғи құбылыстарды жазып немесе есінде сақтап, желдің, боранның, аяздың, ыстықтың алдағы уақытта қай күнге дөп келетінін есептеп шығаратын болған.
Сондықтан да халық олардың әрқайсысына ауа райына болжам жүргізу тәсіліне қарай жұлдызшы, есепші, болжаушы деген секілді атаулар берген. Сәуегейлердің қай-қайсысы болса да жылдар бойы жинақтаған білімін өз тәжірибесінде қолданып, күнделікті өмірде болатын ауа райының өзгерістерін алдын ала тап басып айтып отырған.
Ауылда жүргенімізде көктем мезгілінде дауылдың тек батыстан тұратынын, ол бір тәуліктен асса үш күнсіз басылмайтынын, шығыстан тұрған жел суық болатынын, ал аптаға ұласар болса, салдарынан көктің көтерілуі қиындап, қарабас раңның жерден сәл-ақ биік болып қалатынын талай байқағанбыз.
Жасы үлкендер де желдің бағыты мен күшіне қарап: «Ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соқса, ауа райы оңалады. Егер бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бұзылады. Бұлт ортасынан ыдыраса, күн райы күрт бұзылады, шетінен бастап ыдыраса, оңалады. Көкжиектен будақ бұлт шығып, өркештене көтеріліп барып тарап кетсе, қатты жел тұрып, үскірік аяз болады. Жаздың шілдесінде болған ыстық қыста аяз ретінде қайталанады. Аяқ-қолы сынған адамдардың сай-сүйегі сырқыраса, күн бұлттанады, ит аунаса жаңбыр жауады», деп айтып отыратын.
Бұлт қаратүнектене аспанды торласа және жылдам қозғалып келе жатса жаңбыр жауатынын әр адам біледі деп ойлаймыз. Өйткені бұл екінің біріне мәлім жайт. Сол секілді халық арасында мал отықпай, ықтай бастаса көп ұзамай қатты жел тұратыны, күн ұясына қызарып батса ертесіне күн ыситыны, ай қызыл түске боялса ауа райының бұзылатыны секілді болжамдар өте көп.
Бұрынғы байқампаз бабаларымыздың айтып кеткен жорамалына қатысты деректерді ғаламтордан да іздеп көруді жөн санап, халықтық тәжірибеден алынған кеңестерді қарап отырғанда бұрын естіп-көрмеген ауа райына қатысты болжамдарды да кезіктірдік. Мәселен, қазан айында күн күркіресе, қыс ұзаққа бармайды екен. Жазда найзағай көп ойнаса, қыс жылы болатын көрінеді. Онда күз белгісінен ең алғаш аққайың хабар беретіні жазылыпты. Оның сарғайған жапырағы сабағынан үзілген сәтте ауада біраз қалықтап барып жерге түссе, көп ұзамай ауа райы бұзылмақ. Жаңбыр немесе боран аптаның жұма күні басталса, ол міндетті түрде келесі жұмаға дейін созылады-мыс. Қыстыгүні бұлт желге қарсы жөңкілсе, қар жауатын болған.
«Будақ бұлт көк жүзін жапса, аттың қара қапталынан келетін қар жауады. Жаз айларында көк шөп бозаң тартса, сарымсақтың қабығы қалың бітсе, қыс қысып береді. Шөптің буыны ерте қатайса, ол жайсыз қыстың белгісі. Тікендер мен алаботаның сабақтары иіле түссе, күн суытады. Емен ағашының ұрығы көп болса, қыста сақылдаған сары аяз күтіледі. Жаздыгүні аралар омартаға кіріп-шығатын тесікті жартылай жапса, қыс суық, тесік толық ашық тұрса, қыстың жылы болатынының белгісі. Өгіз құйрығын шаншып жоғары көтерсе, қатты жел соғады. Қарға ерте көктемде суға шомылса, күн жылынады. Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады. Тұман жер бауырлап құласа, күн ашылады. Бұлт жер бауырлап түссе, күн суытады. Жаңбырдың тамшысы ірі болып түссе, дымқыл күн ұзаққа созылады» деп те болжаныпты.
Жалпы қазақ халқы жыл сайын бір мезгілде қайталанып тұратын қолайсыз ауа райына «құс қанаты», «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «құралайдың салқыны», «бөрі сырғақ» деген секілді атау берген. Мысалы, ақпан айында ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран болатын «бөрі сырғақ» кезінде жұрт жолға шықпаған, жоспар құрмаған. Мысалы, наурыз айы ортасынан ауғанда болатын «бесқонақтың» уақытында да ауа райы қанша шуақты болғанымен табан астында күн бұзылып, қамданбағандарды қапы қалдырған кездер болған. Тіпті жолаушының адасуы, суықтан үсіп өлуі сияқты оқиғалар орын алған.
Халқымыз «Таразы туса – таң суыр, сүмбіле туса – су суыр» «Сүмбіледе су мұздайды, сұмырай ұйықтайды», «Нөсер алдында найзағай ойнайды», «Ақпан ақырып келеді», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Қыс қырға, жаз сайға қонба», «Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме» деген секілді мақал-мәтелді де текке айтпаған. Мұндай мақал-мәтелдердің астарында адамды табиғи апаттан, қауіп-қатерден сақтандыратын нақыл жатыр.
Негізі қарапайым халық осы кезге дейін табиғат құбылыстарын бақылау арқылы ата-бабамыз айтып кеткен болжамдар мен нақыл сөздерге сүйеніп күн кешкені белгілі. Қазіргідей технология қарыштап дамып, керегіңнің барлығы ғаламторда тұрған заманда бұл әдісті қолданатын немесе ауа райын болжаушылардың ауызын бағып тірлік қылатындар сирек. Десе де біз қазіргі уақытта да өзі үшін ауа райын болжап, соған сай амал қылатын Байзақ ауданы, Аққия ауылының тұрғыны Сенбек Байдуановқа хабарласып, шаруамыздың жай-жапсарын түсіндірдік. Ол кезінде кеңшардың малын баққан, тірлігіне пысық, белді шопанның бірі болған еді. Әңгіменің әлқисасын «Биыл қыс қалай өтеді?» дегеннен бастап, ауа райын қандай тәсілмен болжайтынын, қазіргі уақытта мұның маңыздылығы бар-жоғын сұрап білдік.
Ауа райының ғылыми тұрғыда зерттелуі, оның шығарылған қорытындысы біз үшін аса маңызды. Осы ретте біз «Синоптиктер не дейді?» деген ой жетегімен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстағы филиалына бас сұқтық. Аталған мекеменің метеорологиялық болжамдар және байланыс бөлімінің басшысы Әсия Ермекбаева ауа райын болжауда қолданылатын әдістер мен алдағы қысқа қатысты болжамдар жайлы айтып берді. Дегенмен біз қыстың қалай өтетіні туралы тек еліміз бойынша деректі ала алдық. Оның өзі нақты емес, тек консультациялық болжам ғана.
Маманның айтуынша, облысқа қатысты бір айлық болжам ғана жасалады екен. Осы жылдың желтоқсан айындағы орташа температура 0,6 – 6,7°C-ға тең суық болады деп күтілуде. Бұл қалыпты көрсеткішке жататын көрінеді. Жауын-шашын мөлшері айлық норма шамасынан жоғары, яғни ол 11-49 миллиметр шамасында болмақ.
Синоптиктер сәуегей емес. Сондықтан олар ұзақ мерзімге нақты болжамдар бере алмайды. Олар тек ауа райының қазіргі жағдайына ғана қатысты нақты болжам жасайды. Алайда синоптиктердің де, ауа райын болжаушының да айтқандарында аса қатты айырмашылық жоқ сияқты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ