Брифинг

Облыстың даму мүмкіндігі мол

Топырағы талай тұлғаны тудырған киелі Әулиеата өңірі жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында жүктелген міндеттердің, маңызды жиындарда берген тапсырмаларының нәтижелі жүзеге асырылуы арқау болғанын анық. Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің даму әлеуеті, халықтың әл-ауқатын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен баяндады.

ӨНДІРІС ӨРКЕН ЖАЮДА

Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық өсім 104,5 пайыз деңгейінде қалыптасса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,8 пайызға, құрылыс жұмыстары 22,6 пайызға артқан. Тұрғын үй құрылысы 3,5 пайызға, сауда саласы – 2,5, көлік саласы – 13,6, байланыс 8,8 пайызға артыпты. Облыс экономикасындағы негізгі үлес өнеркәсіп өндірісіне тиесілі екені мәлім. Нақты айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің үлесі 19 пайызды, ондағы өңдеу өнеркәсібі секторының үлесі 65,4 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 727,8 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліпті. Химия және құрылыс индустриясы өңдеу өнеркәсібінің өсіміне айтарлықтай септігін тигізуде.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛШАҢ БАСЫП КЕЛЕДІ

Ауылшаруашылығы саласына 24,6 миллиард теңге субсидия бөлініп, 14,9 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 425,4 миллиард теңгені құраған. Меженің 5,7 пайызға төмендеуінің себебі өткен жылғы өсімдікшаруашылығындағы егіс алқаптарының өзектендірілген статистикалық деректері өзгертілмеуіне байланысты болса керек.

Ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың гектарды құрайды. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталған болатын. Облыс әкімі жиын-терін мәселесіне де тоқталып. 3,6 миллион тонна өнім жиналғанын сөз етті. Оның ішінде өнімнің 671,4 мың тоннасы дәнді масақ болса, 36,3 мың тоннасы майлы дақылдар, 1,2 миллион тоннасы көкөніс дақылдары, картоп 172 мың тоннаны құрайды.

Қант қызылшасы бойынша егін алқабындағы балтамырдың 84 пайызы жиналыпты. Бүгінде 600 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерден айналған. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына жөнелтіліп жатса керек. Тәтті түбірді субсидиялау да маңызды мәселе. Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлінсе, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржы түсетін көрінеді.

Биыл алғаш рет ауылшаруашылық техникасының лизингі бойынша бағдарлама іске асырылып, 3,2 миллиард теңгеге жылдық 5 пайызбен 244 техника сатып алыныпты. Сонымен қатар «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы жылдық 2,5 пайызбен 68 ауылшаруашылық техникасы, 116 аспалы және тіркеме техника және 7 қызылша жинау комбайны сатып алынған екен. Нәтижесінде ауылшаруашылық техникасын жаңғырту деңгейі 8 пайызды құраған. Малшаруашылығында ұсақ мал 3,8 миллионға, ірі қара – 0,5 миллионға, жылқы – 0,2 миллионға, құс 1,8 миллионға дейін өскен. Ет өндірісі тірі салмақта 2,9 пайызға, сүт 1,2 пайызға артыпты. 26,2 миллион АҚШ долларына 134 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталған.

Ауылшаруашылығында жайылымдық жерлердің сапасы да ерекше рөл атқаратыны белгілі. Осы жылдан бастап БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымымен бірлесіп, 2028 жылға қарай 5 мың гектардан астам жерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Биыл құны 10,8 миллиард теңгеге 163 жұмыс орнын құруды көздейтін 12 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін тағы 1 жоба іске асырылмақ. 2025 жылы ет өндірісін 3,5 пайызға, сүт өндіруді 1,6 пайызға ұлғайту көзделіп, құны 48,8 миллиард теңге болатын 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланыпты.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 сауын сиырға арналған 4 тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуда. Олар 2025 жылы нақты іске қосылады. Осы арқылы сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5 пайызға ұлғайтуға жол ашылмақ.

Сыйымдылығы 32 мың тонналық 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде. Бұл қойманың сыйымдылығын 10 пайызға арттырып, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Бұдан басқа жалпы 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру көзделуде.

Сонымен қатар 5 миллиард теңгеге тракторлар мен ауылшаруашылық техникасын құрастыру бойынша 2 жоба іске асырыла бастапты. Бұл фермерлерді қолжетімді ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етуге және саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірде қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 173 миллиард теңгеге жылына 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміздегі бірегей зауыттың құрылысы бойынша жоба іске асырыла бастапты. Аймақ басшысы күрделі амин қышқылдарының бүкіләлемдік өндірісінің 60 пайызы осы компанияның үлесіне тиесілі екенін атап өтті. Келесі жылы агроөнеркәсіп кешені саласына 50 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан аса жоба қаржыландырылып, 152,2 мың мал сатып алынған. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру ойластырылуда. Несие 5 жылға жылдық 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерге 9,2 миллион теңгеге дейін, ал кооперативтерге 29,5 миллион теңгеге дейін берілмек. 2025 жылы шағын несиемен 1 500 адам қамтылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды іс-шаралар қабылданыпты. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі есебінен 36,3 миллиард теңгеге 2 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда қаржының 26,9 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 канал қайта жаңғыртылған. Нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан.

Сол секілді суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында 55,4 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізіліпті. Су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында облыста 3 кәсіпорын іске қосылған. Облыста тамшылатып суару жүйесін өндіруді ұйымдастыру бойынша түрік инвесторлары тарапынан тағы 2 жоба жүзеге асырылмақ. Келесі жылы Ислам даму банкінің несие қаражаты есебінен 25,8 миллиард теңгеге 3 суқойманың құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Бұл 35 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуге және 77 каналды қайта жаңғырту есебінен суармалы жерлердің аумағын тағы да 50 мың гектарға ұлғайтуға мол мүмкіндік береді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Жиында Ербол Шырақпайұлы шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 16,6 миллиард теңге бағытталғанын тілге тиек етті. Республикалық бюджеттен қаралған қаржыны қосқанда жалпы 31 миллиард теңгеге 1 152 жоба қаржыландырылған екен. Бизнесті дамыту мақсатында облыстың қаржы институттарымен 38,6 мың кәсіпкерге 154,5 миллиард теңге несие беріліпті. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері арқылы шығарылған өнім көлемі 23,9 пайызға артқан.

Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 46,3 миллиард теңге бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық. Облыс әкімі брифингте Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» туралы тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 10 мыңнан аса жұмыс орны құрылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылатынын, оның ішінде 42 мыңы тұрақты жұмыс орны екенін жеткізді.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары бойынша 47 063 адам жұмысқа тұрса, оның 2,2 мыңы мүгедектігі бар азамат. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Ал 2025 жылы 68 мың жұмыс орны құрылатын болса, оның 42 мыңы тұрақты жұмыс орны екен.

36 БІЛІМ БЕРУ НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

2024 жылы 7,4 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 23-і пайдалануға берілмек. Осы нысандар арасында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 нысан бой көтеруде.

Қалалық медициналық мекемелер де күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Бюджет қаражаты есебінен 5 миллиард теңгеге 18 медициналық диагностикалық техника, 38 санитарлық көлік сатып алыныпты. Енді осы арқылы ерте диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасы мен ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі арттырылады. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,7 пайыздан 40,3 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 96,7 пайызға жеткізіледі.

2025 жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісіктерді анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жобасы басталады. Бұл аудандардың облыс орталығынан шалғай орналасуы, радиолог мамандардың тапшылығы мәселесін шешіп, ең бастысы, науқастарды ерте диагностикалау және жедел емдеу тиімділігін арттыратын көрінеді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде өңірде 36 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде оның 13-і іске қосылса, пайдалануға берілген білім ошағының үшеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған. Мектептерді жаңғыртуға 3,1 миллиард теңге бөлінген. Мемлекеттік білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен 90,5 пайыз, дабыл нүктелерімен – 100, турникеттермен – 86,8, мамандандырылған күзетпен – 87,9, жоғары жылдамдықты интернетпен 97 пайызы қамтылыпты. 70 мыңнан аса 1-4-сынып оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге, 1-11-сыныпқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан 40 мың балаға 4,1 миллиард теңге қарастырылған екен. Осы жылы білім беру саласына 315,8 миллиард теңге бөлінсе, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,1 есеге көп.

Облыс оқушылары он бесінші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» атанғаны өңір тұрғындары үшін зор мақтаныш. Республикалық олимпиаданың қорытындысымен «Үздік олимпиадалық команда» деп танылған және мектептер үшін PISA зерттеуінің нәтижелері бойынша республика бойынша І орынды иеленіп, үздік нәтижелер көрсетуі мақтануға тұрарлық.

Брифингте облыс әкімі басқа да салалардағы қол жеткізілген жетістіктерді егжей-тегжейлі баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 

САН САУАЛҒА НАҚТЫ ЖАУАП

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндағаннан кейін кезек сұрақ-жауапқа берілді. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сан саланы қамтыған сауалдарын қойып, нақты жауапқа қанықты.

 

Мерей ҚАНАПИЯ, «24KZ» телеарнасы:

– Баяндамаңызда ваучерлік қаржыландыру жүйесіне де тоқталдыңыз. Сұрағым осы мәселеге қатысты болмақ. Жақында ғана Тараз қаласындағы жекеменшік балабақша иелері «жаңа ваучерлік қаржыландыру жүйесі банкроттыққа әкелуі мүмкін» деп жанайқайларын жеткізген болатын. Бұл мәселеден хабарыңыз бар ма?

– Бұл жағдай жеке бақылауымда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің осы жылғы бұйрығына сәйкес облыс орталығындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселен, біраз балалардың балабақшаға бармай жүргені анықталды. Пилоттық жобаның нәтижелерімен өзім жеке танысқанда осы секілді деректердің беті ашылды. Тіпті бүлдіршін Астана қаласындағы ауруханада тіркеліп, Тараз қаласындағы балабақшаға барып жүргені белгілі болды.

Қалай болғанда да ваучерлік жүйе балабақшалар арасында бәсекелестікті арттыруға ықпал етуде. Жүйе ата-аналардың балабақшаны өз еркімен таңдауына мүмкіндік беруде. Сондықтан біз 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ваучерлік қаржыландыру жобасын 10 ауданда іске асырамыз.

Егер жекеменшік балабақшалар тарапынан қандайда бір сұрақтар туындаса, ҚР Оқу-ағарту министрлігімен, «INDIGO» автоматтандырылған жүйесінің иесімен, қаржы орталығымен бірлесіп шешу жолын қарастырамыз. Біздің негізгі ұстанымымыз – цифрландырылған жүйелер арқылы бәсекелестікті арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

– Ал өңірде үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешілуде?

– Облыста 400 000-ға жуық оқушыны қамтитын 1 243 білім беру ұйымы бар. Өңірде осы уақытқа дейін үш ауысыммен оқытатын 4 мектеп жұмыс істеп келген еді. Биыл 36 білім ошағының құрылысы жүргізілуде, оның 13-ін пайдалануға бердік. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады. «Жайлы мектептер» де ашылуда. Нәтижесінде биыл 4 үш ауысымды білім ордасының екеуінің мәселесі шешіледі. Сол секілді 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің жағдайы реттеледі. Келесі жылы да білім беру мекемелерінің құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Осының арқасында екі-үш жылдың ішінде үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесіне нүкте қойылады.

 

Айсұлу МАХМҰТОВА, «24KZ» телеарнасы:

– Сарысу ауданында шілде айында қатты жауын-шашын салдарынан су тасқыны орын алып, жергілікті халықты әуре-сарсаңға салғанынан хабардармыз. Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы толығымен төленді ме?

– Биыл шілденің 8-і күні Жаңатас қаласында көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден аса үйдің ауласын су басып, 56 үй бүлінді. Осыған сәйкес арнайы топ құрып, зардап шеккен отбасыларға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінде зардап шеккен 56 шаңырақтың 53-іне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 3 баспана қайта қалпына келтіруге жарамағандықтан екі тұрғынмен келісіп, Жаңатас қаласынан өздері қалаған баспананы сатып алып бердік. Бір үйді толығымен қайта салып, қалпына келтірдік.

Сондай-ақ табиғи апаттың не себепті орын алғанын анықтап, тағы орын алу қаупін жою бағытында көптеген жұмыс атқарғанымызды айта кеткім келеді. Көшелердегі арық-атыздар тазаланып, бөгеттер тұрғызылды.

 

Дәулет ІЗТІЛЕУ, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі:

– Жыл сайын жамбылдық диқандар қант қызылшасын өткізе алмай әуреленіп жүреді. Жағдай биыл да қайталанып, «Меркі» қант зауытының алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Осыған қатысты түсініктеме берсеңіз, фермерлердің қазіргі жай-күйі қалай?

– Расында, осы жылы 11, 2 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Орташа өнімділік гектарына 650 центнерден айналды. Соңғы бес жылдағы орташа өнімділікті алып қарасаңыз, 350 центнерден аспайтын. Биыл ауа райы қолайлы болып, су тапшылығынан қиындық туындамағаннан кейін өнімділік жоғарылады. Қазіргі таңда қант қызылшасы алқабының 84 пайызы жиналды. Яғни қант қызылшасы қазылып, зауыттарға тасымалдау процесі жүріп жатыр.

Негізгі сұраққа оралсақ, мәселені жақсы білетін болсаңыздар, қант зауыттарының алдында үлкен кезектің болуы 30 жыл сайын қайталанатын мәселе. Себебі өнім қысқа мерзімде жиналады да, қабылдау алаңдарында кезек көбейіп кетеді. Мәселенің алдын алу мақсатында биыл «Меркі» қант зауытының жанынан шикізат қабылдайтын қосымша екі алаң құрылды. Ол жерге бүгінде 30 мың тоннадай өнім жиналды. Осылайша туындаған қиындықты ықпалдасып шешуге жұмыс істеп жатырмыз. Сол секілді «Ақсу» қант зауытына 30 мың тоннадай қант қызылшасы жеткізілді.

Тағы бір айта кетерлігі, мемлекет тарапынан субсидия төлеу мәселесін жүйелеу үшін де әрекет етудеміз. Шаруаларға облыстық бюджеттен 3,4 миллиард теңге субсидия қарастырылды. Республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге төленеді деп күтілуде. Қаражат мәселесі шешілсе, субсидия төленуі үшін жыл соңына дейін тағы 4 миллиард теңгедей ақша қажет болады. Осы мәселе де пысықталуда.

Жалпы биыл «Меркі» қант зауытына 450 мың тонна, «Ақсу» қант зауытына 100 тоннадан аса шикізат жөнелтеміз деп жоспарлап отырмыз. Мәселені жүйелі шешу үшін басшыларымен келіссөздер жүргізіп, «Тараз» қант зауытын қайта жаңғыртуды қолға алдық. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, желтоқсан айында зауыт иелерімен жүздесіп, жоспарларын тыңдайтын боламыз.

Бір сөзбен айтқанда, фермерлердің қызылшасы далада қалмас үшін барымызды салудамыз. Оңтүстікте желтоқсанның соңына дейін алқаптарда еңбек етуге мүмкіншілік бар. Сол себептен өнімді толық жинаймыз деген ниет бар.

– Орайы келген осы сәтті пайдаланып, Тараз қаласын екі әкімшілік ауданға бөлуге қатысты сұрақ қойғым келіп тұр. Неліктен мұндай шешімге келдіңіздер, себебін түсіндіріп өтсеңіз. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?

– Халық саны 400 мыңнан асатын болса, облыс орталығында екі әкімшілік аудан құрылу керек. Бұл – заң талабы. Тараз қаласында бүгінгі таңда 433 мыңнан астам тұрғын күн кешуде. Жақында ғана екі ауданға бөлу туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Енді облыс мәслихатымен біріккен шешім шығару ғана қалып тұр.

Республика бойынша Алматыда – 8, Астана мен Шымкент қаласында – 5, Ақтөбе мен Қарағанды қаласында 2 әкімшілік аудан бар. Ауданға бөлу көрсетілетін мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, әкімшілік басқару ісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл өте керекті шешім, дұрыс бастама.

 

Әділжан БЕРДІБЕКОВ, «Atameken Business» телеарнасы:

– Тараз қаласында қоқыс өңдейтін зауыт салынады дегелі бірнеше жылдың жүзі болды. Былтыр салынуы тиіс зауыт жобасы әлі күнге дейін қолға алынбапты. Есесіне залал келген аумақ көлемі ұлғайып, мал өрісін де ластауда.

– Тараз қаласында қоқыс өңдейтін зауыт салу – өзекті мәселенің бірі. Қазір бұл бағыттағы жұмысымызда нәтиже бар деп сеніммен айтуға болады. Жақын арада ҚР Энергетика министрлігі тарифімізді бекітіп, ірі жобаны іске қосайын деп жатырмыз. «Eco Energy Plant» деген алып кәсіпорын Тараз қаласындағы индустриалды аймақтың орнына заманауи, экологиялық жағынан тиімді үлкен зауыт салады. Осы мақсатта 10 гектар жер бөлінді. Жаңа өндіріс ошағы қоқысты қайта өңдейтін жаңа технологиялы кәсіпорын болмақ. Атап айтсақ, зауытта көміртегі, сонымен бірге 5 МВт-тай электр қуаты өндіріледі. Қоқысты өңдеген сәтте пайда болатын электр қуатын мемлекет сатып алды. Тариф бекіту осы үшін қажет. Алдағы жылы ақпан айында құны 47 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыттың құрылысы басталады.

 

Әмет АЛТЫНБЕК, «Jibek joly» телеарнасы:

– Қазақстандағы ең көп петроглифтер Әулиеата өңірінде орналасқан. Бірақ тарихшылар осы киелі мекендерге «жеткілікті деңгейде насихат жұмыстары жүргізілмейді, туристер біле бермейді» деп көптен бері мәселе көтеріп жүр. Бұл бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің жырға айналған жылу мәселесі биыл ғана шешімін тауыпты. Мәселенің осынша уақытқа дейін созылуына не себеп?

– «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен бастасақ, аталған кешенге бес ғимарат және «Достық» үйі кіреді. Кешен салынған кезде жылыту жағы дұрыс ойластырылмаған. Облыс әкімі болып қызметке кіріскенімде Тараз қаласы әкімдігі мен кешен қызметкерлері тарапынан айтылған ең күрделі мәселе осы болды. Сондықтан дер кезінде қаржы жағын реттеп, биыл 434 миллион теңге ақша бөлдік. Сөйтіп, бес ғимаратты орталықтандырылған жылу жүйесіне қостық, қазір мекемелердегі жағдай көңіл көншітерліктей, ғимараттардың іші жылы. Сол секілді «Достық» үйіне желтоқсан айының онкүндігінде жылу қосу жұмыстары аяқталады.

Әулиеата өңірінде тарихи орындар, ЮНЕСКО тізіміне енген мәдени мұралар жетерлік. Расында да қазба жұмыстарын жүргізген жақсы, алайда оны қадағалап, жан-жағын реттеу жұмыстарына да мән берген жөн. Қазып алып, ертеңгі күні ашық жатса, оны жаңбыр шайып, ары кетсе бес-ақ жылға шыдайды. Қазіргі уақытта осы мәселенің шешімін іздеп жатырмыз. Сондай-ақ туристік нысандарға, тарихи орындарға жол салу, жарықтандыру секілді инфрақұрылым мәселесін де кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз.

 

Темірлан ТІЛЕУБАЕВ, «Jibek joly» телеарнасы:

– Қаншама жылдан бері Тараз қаласының кіреберісіндегі фосфогипс үйіндісінің мәселесі бір шешімін таппай келеді. Фосфогипс қалдығы жел тұрса жақын маңдағы елді мекендерге ұшып, тұрғындарды мезі етеді. Үйіндіні жою амалдары қалай жүруде?

– Облыстағы ірі өндіріс ошағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауытына» тиесілі аймақта 17 миллион тоннадан аса фосфогипс үйіндісі жиналған. Бұл бір жыл төңірегінде пайда болған мәселе емес, он жылдан бері жалғасып келеді. Биыл кәсіпорын басшылығымен қалдықты одан әрі биіктетпеу керектігі жөнінде келісімге келгенбіз. Сондай-ақ Жамбыл ауданынан 51 гектар қосымша жер бөлуге, қалдықтарды сол жаққа тасымалдау бойынша тапсырма бергенмін. Қазірге дейін кәсіпорын жаңа аймаққа 500 мың тонна фосфогипс үйіндісін төкті.

Енді «Тау-тау болып болып үйілген 17 миллион тонна қоқысты қайда жаратамыз?» деген орынды сұрақ туындайды. Мұның нақты екі жолы бар. Біріншісі – фосфогипс үйіндісін қоршау. Алайда төбесін жабу, айналасын қоршауға көп қаржы керек, былайша айтсақ, қымбат жоба болғалы тұр. Екінші шешімі – қалдықтарды кәдеге жарата алатын заманауи технология әкелу. Қалдықтарды егіншаруашылығына қолдануға болады. Сондықтан фосфогипс қалдықтарын әзірге тыңайтқыш ретінде пайдалана тұрудан басқа шара жоқ.

 

Аягөз ҚҰЛМАНБЕТ, «Jambyl» телеарнасы:

– Ербол Шырақпайұлы, «Өңірде 700 мың бас мал қағаз жүзінде ғана бар. Қалғаны тірідей емес» деп айттыңыз, яғни жалған ақпарат беріліп келген. Ауылшаруашылығы министрі болдыңыз, осындай жағдай басқа облыстарда да бар деп ойлайсыз ба?

– Расында, Ауылшаруашылығы министрі болған кезде жалған ақпаратқа жол бермеу мәселесіне көп көңіл бөлдік. Қазіргі таңда әріптестер сол жұмысты жалғастырып жатыр. Басқа облыстағы қазіргі ахуалды білмеймін. Биыл біраз ауқымды жұмыс атқарылды. Тек қана Жамбыл облысы емес, басқа өңірлерде де 0-ге келтіру жұмыстарын жасаған болатын. Ең маңыздысы, келесі жылы қайтадан жалған ақпаратты беруге тыйым салуды қолға алу шарт. Әрине, ауылшаруашылығында нақты қалыптасып жатқан ахуалға байланысты деректер дұрыс келетін болса, шешім де дұрысталады. Бұл мәселе бақылауда тұр.

– Жамбыл облысы – Қазақ хандығының туы тігілген аймақ. Шу өңірі мен Қазақ хандығының тарихы бастау алған Қозыбасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Алдағы уақыттарда осы жерлерді зерделеп-зерттеу жоспарда бар ма?

– 2025 жылы Қазақ хандығының құрылуына 560 жыл толуына орай Қазақ хандығының туы тігілген жерде ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қажетті қаражатты қарастырдық. Мойынқұм, Шу аудандарында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, тарихи орындардағы археологиялық ескерткіштерді анықтау жұмыстары жалғасады. Осы шаруаны өз деңгейінде атқаратын болсақ, бұл орындарды жас ұрпаққа насихаттауға, сонымен қатар туристерге көрсетуге болады. Шәрі және Қойшыман қалашықтары, Керей ханның қыстауына археологиялық кешенді қазба жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН: республикалық «Egеmen Qazaqstan» газеті:

– Алғашқы жұмыс күніңізді Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданынан бастағаныңыз есімде. Ол жерде өзекті мәселелер өте көп. Әсіресе жол мәселесі алаңдатарлықтай жағдайда. Жалпы осы ықшамаудандағы жол, жылу мәселесі қалай шешілуде? Алдағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз?

– Облыс әкімі болып тағайындалған алғашқы күні-ақ аталған ықшамауданның бір топ тұрғыны әкімдікке келіп, өздерінің арыз-шағымын айтқан. Сол күннен бастап ондағы мәселелерді бақылауыма алғанмын.

«Ұлы дала» ықшамауданының проблемаларын жүйелі түрде түсіндіре кетсем, негізі 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасаған кезде ықшамауданда 60 көппәтерлі үй болу керек еді. Ал қазір 144 үйге жеткен. 53 мың халық тұрады. Жоба бойынша жол, жылу және басқа да инфрақұрылым нысандары сол 60 көпқабатты үйге ғана лайықталған болса, әрине, проблема туындайды.

Сол себепті өткен жылдан бері біз қала басшылығымен бірге инфрақұрылымдық проблемаларды шешу жолдарын қарастырдық. Себебі онда 30-ға жуық көше бар. Бүгінгі таңда 30 көшенің 15-ін асфальттадық. Қалған көшелерді де асфальттау жоспарда тұр. Бірақ әлі де тұрғын үй құрылысы жүріп, инфрақұрылым жүйесі тартылып жатқандықтан жол салуға бөлінетін қаржы тиімсіз жұмсалғалы тұр. Мұны біз тұрғындарға түсіндіріп айттық.

Ал жылу мәселесіне келсек, үйлердің саны көп болғандықтан жылу жүйесіндегі қысым жетпей жатыр.

Расында да проблема бар, көзімізбен көрдік. Оның үстіне жылу мәселесі қаланың өзге ықшамаудандарында, тұрғын алқаптарында да өзекті. Инфрақұрылым түйткілдерін шешуге қажетті қаражат көлемін жылдан-жылға көбейтіп келе жатырмыз.

– Бос жатқан жерлерді қайтару және игеру мәселесі де өте өзекті. Жалпы Жамбыл өңірінде осы бағыттағы жұмыс қалай атқарылуда?

– 2022-2023 жылдар аралығында 405 мыңдай гектар жерді қайтардық. Облыс аумағында биыл 80 мың гектар пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, 92 мың гектарын қайтардық. Жұмыс жалғасады. Қайтарылған жерді бірінші кезекте ауыл тұрғындарының малын жаюға, екінші ауылшаруашылығы саласындағы бизнес, өндіріске пайдаланғысы келген жандарға беріп, оны бақылауға аламыз.

 

Айя МҮТӘЛІ: «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы:

– Облыстағы өткір мәселе – Мойынқұм ауданын газдандыру және ауызсу тарту бойынша қандай жұмыстар қолға алынды?

– Жамбыл облысы бойынша бірде-бір елді мекені газдандырылмаған жалғыз Мойынқұм ауданы ғана. Десе де көгілдір отынның қызығын мойынқұмдықтар да көруі үшін 16 миллиард теңгені құрайтын арнайы жоба дайындалған болатын. Осы жылы алғашқы 2,5 миллиард теңгенің жұмысы басталды. Келесі жылы жоба жалғасады. Негізінде газбен қамтамасыз етілу деңгейі төмен Сарысу мен Мойынқұм аудандары. Екі жыл ішінде бұл мәселе оң шешімін табады деп айта аламын.

– Тараз қаласы еліміздегі кәріз суын тазарту кешені жоқ жалғыз қала. Осыдан 60 жыл бұрын пайдалануға берілген нысандар қазір апатты жағдайда тұр. Қалада жаңа кешен салу туралы жоспар болғанымен құрылысы басталмаған. Жоба қашан қолға алынады және оған қанша қаражат жұмсалады? Осы мәселе туралы не айтар едіңіз?

– Тараз қаласында бұрын кәріз суын тазарту бірыңғай жүйесі болмаған. Былтырдан бастап ауқымды жұмыс қолға алынды. «Еуропалық қайта құру және даму» банкінің қаражаты есебінен техникалық, экономикалық негіздеме дайындалды. Сол негіздеме бойынша министрліктерден сараптама қорытындысын алып жатырмыз. Жобаның көлемі 45-47 миллиард теңге аралығында. Оның ішінен 37 миллиард теңгесі аталған қаржы ұйымы есебінен алынады. 9 миллиард теңге республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттен қаралады.

Келесі жылы суды тазарту, кәріз жүйесін салу процесі басталады. 2026 жылы оны бітіріп, 2027 жылы толықтай іске қосамыз. Жаңа кәріз жүйесі бізге 100 мың текше метр кәріз суын тазартуға мүмкіндік береді. Бұл жүйені іске қоссақ, қаладағы 50 пайыз тұрғын үй сол жүйеге қосылады.

 

Райхан АХМЕТОВА: «Астана ақшамы» газеті:

– Баяндамаңызда тұрғын үй құрылысына қатысты жұмыстарға тоқталып өттіңіз. Дегенмен осы жұмыстар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін қаншалықты шешіп береді?

– Апта сайын облыс тұрғындары жеке қабылдауыма келеді. Сол азаматтардың 50 пайызының сұрағы баспана төңірегінде өрбиді. Аз қамтылған, осал топтарға кіріп отырғандар «Кезек жылжымайды, қашан баспаналы боламыз?» деген мәселені алға тартып келеді. Биыл осал топтарға сатып алынатын пәтерлердің көлемін екі есеге ұлғайтып отырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. 1 575 пәтерді қазіргі таңда сатып алдық. Ал жұмсалған қаражатқа келсек, 23,8 миллиард теңге қарастырылды. Облыс бойынша кезекте тұрған азаматтар саны – 39 мың. Әрине, баспана мәселесі тек қана Жамбыл облысында ғана емес, кез келген өңірде өзекті. Десе де мәселе біртіндеп шешімін табуда.

 

– «Тектұрмас этнотарихи кешенінің үшінші кезеңі іске асырылып жатыр» деген ресми ақпарат тарады. Осы жобаның ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталсаңыз және оның халыққа берері қандай?

– Үш кезеңнің екеуі іске асырылды. Қазіргі таңда этнотарихи кешеннің қасындағы абаттандыру жұмыстарын қолға алдық. 4,5 мыңдай тал көшетін отырғызу жоспарда бар. Оның 3,5 мыңын егіп қойдық. Қазіргі таңда «Ежелгі бекініс» деген жоба аяқталуда. Осы жобаны желтоқсанның 16-сында іске қосамыз. Негізі Қазақстандағы облыс орталықтарын алатын болсақ, теңдесі жоқ осы комплекс бізде ғана бар. Осы арқылы туристерді тарту мәселесін де шешуге болады. Инфрақұрылымға қаражат салып, абаттандыру жұмыстарын іске асырсақ, өз кезегінде ол облыстың экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,

Ақтоты ЖАҢАБАЙ