Жаңалықтар

5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күні

Бүгін, 5 желтоқсан "Халықаралық" волонтер күні,деп хабарлайды arainfo.kz

1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 5 желтоқсанды Экономикалық және әлеуметтік даму үшін Халықаралық еріктілер күні деп жариялауды ұсынған болатын. Содан бері бұл күн әлем бойынша еріктілер еңбегін тану және оларды қоғам игілігі үшін атқарған қызметтері үшін құрметтеуге арналған маңызды күн ретінде атап өтіледі.

Еріктілер – өз уақыттарын қоғамға пайда әкелуге арнайтын, бұл үшін ешқандай материалдық сыйақы күтпейтін адамдар тобы. Олар қоғамның әртүрлі салаларында белсенді қызмет атқарып, көптеген бағытта игі істерді жүзеге асырады.

Мысалы, еріктілер қоғамдық аумақтарды тазалау, экологиялық акцияларға қатысу, әлеуметтік маңызы бар ақпараттық плакаттар мен кітапшаларды тарату сияқты жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар, туған қалалары бойынша тегін экскурсиялар жүргізіп, халықаралық спорттық және мәдени шараларда аудармашы ретінде көмек көрсетуге дайын.

Еріктілердің көмегін әсіресе әлеуметтік және гуманитарлық салаларда ерекше байқауға болады. Олар балалар үйлерінде тәрбиеленушілерге қолдау көрсетіп, қарттар үйлеріндегі адамдарға көмек берумен қатар, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласады.

Еріктілер қозғалысы қоғамды біріктіріп, әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Олардың жұмысы адамдар арасында мейірімділік пен жауапкершілік құндылықтарын таратуға ықпал етеді. Халықаралық еріктілер күні – осындай жанқиярлық еңбекке алғыс айту мен еріктілер қызметін дәріптеудің ерекше мүмкіндігі.