Мәдениет

Қамқалы

Сарысу ауданының Бетпақдаламен шектесіп, «шаруаға тиімсіз» деп игерусіз жатқан бөлігінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес шаруашылықтар ашылған.

Осыған орай ауданның бос жатқан аумағынан қаракөл қойын өсіру мақсатында 1963 жылы әуелі «Шығанақ», бір жылдан соң «Қамқалы» кеңшарлары құрылды.

Жайлаукөлден 22, Шығанақтан 13 шақырымда бой көтерген сол Қамқалы ауылына биыл 60 жыл толды. Ауылды тұрғызғандардың ұрпақтары бұл мерейтойды лайықты деңгейде атап өтті. Олар жайлы осыдан оншақты жыл бұрын «Сағым жылдардың сағынышы» атты кітабымда кеңінен қамтығанмын.

Бүгін тек алғашқылар жайлы сөз етпекпін.

Рас, осыншама жарты ғасырдан артық ғұмыры жалғасқан бедерсіз Бетпақдала мен Шу өзені мыңдаған шақырым асығыс ағып келіп сіңген иесіз далаға жаңа шаруашылық тұрғызу оңай болған жоқ. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай сәт болса да із қалды емес пе?

... Масалы, соналы ми қайнатқан жазда, алапат бораны мен аязды қары өңменіңді өңгерген өңірге елді орнықтыру, жинап, біріктіріп, тұрақтандыру оңай болмады. Олардың көбін таныдым, көрдім. Бала кезімде аға, әпке деп соңынан ердім. Еңбекқорлықтарынан үлгі алдым. Кейін журналист болып, тірлікке араласа бастағаннан олардың біразын дерлік жаздым да.

«Мәскеу бірден орнаған жоқ» деп орыстар айтқандай, картаға түскен әр елді мекеннің өз шежіресі бар. Бірақ бір мақалада бәрін бірдей қамту мүмкін емес. Мен аталмағандардың рухынан кешірім өтіне отырып, жазып отырған «Алғашқылар» арқылы да басқаларының үні мен ерен тірлігін жеткізгім келді. Себебі сол бір алыстағы жаңа ауылда бала болсам да асыр салып, әр тұрғызылған босағаның ауласында жүрген едім.

Екшеп қарасам, көз көргендерден ешкім қалмапты. Жатқан жерлерің жаннаттан болсын, тұлғалар!

АЛҒАШҚЫ ДИРЕКТОР

Сол тұста Жайлаукөлде «Сарысу» кеңшарында бас зоотехник болып жүрген, шамалы уақыт бұрын туған жері «Коммунар» кеңшарында қатардағы мал маманы болып істеген қызметінде көтеріліп, шалғайдағы шаруашылыққа аудандық партия комитеті бюросының жолдамасымен ауыстырылған небәрі 29 жастағы Ескермес Жабалбаев тер төгіп жатқан.

Ойламаған жерден таңдау жаңа ашылатын кеңшар басшылығына бұрындары Алматыдағы зооветеринарлық институтты жақсы бітірген осы ғалым-зоотехникке түскенде жас жігіттің өзі де қобалжып, қуанышы мен толқуы дегбірін кетіргенін ағамның өзі де еске алып отыратын.

Ол кезде Ауылшаруашылық министрлігінің бақылауында болатын жаңа кеңшардың директорын бекіту жан-жақты зерделенгені жасырын емес.

Ескермес Жабалбаев Алматыға екіұшты оймен жетті. Ойы дұрыс шыққандай. Шағын денелі азаматты көрген бойда тұрқына қарап отырып, алқа мүшелерінің көпшілігінің, әсіресе басшысының көңілі толмай:

Алқа төрағасы артынша қызарып, ұнжырғасы түсіп кеткен жігітті жұбатып:

Жұрт тым-тырыс. Жалпы алқаға ықпалды қарт болса керек.

Отырғандар қозғалып, төрағаға жалтақтай бастады.

Ескермес Жабалбаев осылай әлі орны да жоқ кеңшардың алғашқы директоры болып 1964 жылдың 5 желтоқсанында сол кездегі Конституция күнінде бекіп, қуанышы қойнына сыймай қайтқан еді ғой.

АЛҒАШҚЫ ҚҰРЫЛЫС ШЕБЕРІ

Ескермес Жабалбаев Қамқалының директоры болған соң Жайлаукөлдегі үйіне келіп, бас зоотехниктік қызметін өткізіп жатқанда сол тұста ауылға күніге жолаушылар таситын «АН 2» ұшағымен Шымкенттегі құрылыс техникумын бітірген 24 жасар бейтаныс жігіт үйін сұрап, тауып келді. Ол кеңшар директорының анасы Әуәс апаға кездесіп, аптығып жағдайын түсіндірді.

Шайқыстан шайға отыра бергенде ағамыз да жұмыстарын өткізіп келеді. Мән-жайды естігеннен кейін:

Оны қалтасына салып:

Бүгінде қазыналы қария болған Шайқыстан Кенжеқұлов сол күндерді былай деп еске алады:

– Адуынды апаға «Апа, техникумда бізге бесік жасауды үйреткен жоқ еді» деуге бата алмай, бас изедім. Әуес апа Жайлаукөлді аралап жүріп, айтқан құрал-жабдықтар мен шеге, жарамды ағаштарды кешке дейін тауып әкеліп берді. Түнімен көз ілмей, апаның бағыттауымен бесік жасап шықтым. Ертемен мақтанып директорыма көрсеткенімде риза болып күлген нағашым:

Бұл жаңа бастығымның маған берген алғашқы батасындай болып, қиялмен мен де «алысқа» қарай бастаған едім. Жақсы ойлау керек екен. Сонда бәрі жақсы болады. Шүкір, Есекеңнің тәрбиесімен қарамағында өзі өмірден өткенше жаңа Қамқалыны тұрғыздық. Ол кісі Аманкүл жеңгемізбен, мен жеңгеммен аттас жарым Аманкүлмен сол өзіміз іргесін қалаған Қамқалыда өсіп-өнген отбасына айналдық. Алланың көзі тура болып еді. Әттең, алғашқы ұстазымдай болған басшым 14 жыл өзі құрып, кадрларын дайындап, Қамқалыны көші түзу шаруашылыққа айналдырып жүріп, алқаптарды аралауға жиналып отырғанда кенеттен дертке ұшырады. Жамбылдан жедел жәрдем ұшағы қонып жатқанда 1978 жылдың 9 тамызында өмірден өтіп кетті. Бұл қаралы хабарды Бурабайда демалып жатқанда естіп, күңіреніп күйзелгенім бүгінге дейін есімнен кеткен емес. 

Жас ауылдың қазығын бірге қағып, бір жылда жаңа типпен көтерілген бір жарым көшені пайдалануға берген едік. Есекең адамдармен тіл табыса жұмыс істеген, қарамағындағыларға қамқорлығы ұшан-теңіз, жұмсақ әрі талапшыл, іскер адам болды. Небәрі 45 жасында жалындап тұрғанда өмірден өтіп кетті. Келер жылы тоталитарлық қыспақ заманның өзінде көзкөргендер шапқылап жүріп өзі тұрғыздырған үлкен көшеге есімін берді.

Жуырда Ескермес Жабалбаевтың үлкен ұлы Елеукен мен бауырлары бас болып, Қамқалының 60 жылдығы мен әкесінің туғанына 92 жыл толуына арнап Тараз қаласында ас беріп, Құран оқытты. Көптеген тың деректер айтылды. Осы аста 60 жасқа толған Ғалиденмен ұшырасып, оның мен жасап берген бесігін де еске түсіріп, мұңайып қайттым.

АТЫ АУЫСҚАН АУЫЛДАР

Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында болса керек. Күн ілгері өкілдер белгілеп кеткен жаңа кеңшардың орнын өзі көру үшін облыстық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Асанбай Асқаров тікұшақпен келеді. Бүгінгі Қамқалының Шу арнасынан ары Бетпақдаламен шектескен «Қара Шығанақ» мүйісіндегі балапан қырлардың орнын жіті көріп, қайтар жолда Үлкен Қамқалы көлінде меймандарды күтуге дайындалып жатқан орыс балықшыларының балық сорпасынан ауыз тиюге алаңқайға қонады. Шаршап-шалдыққандар көлге шомылып, балық аулап, сорпасын терлеп-тепшіп ішіп әжептәуір тынығып қалады. Сонда Асанбай Асқаров:

Бірінші хатшы айтқандай, 1963 жылы Шығанақ үлкен Қамқалы көлінің жанынан, ал 1964 жылы бір жылдан соң ашылған Қамқалы екі кеңшардың күрежолының ортасындағы жазықта бой көтерген.

АЛҒАШҚЫ ҚАЗЫЛҒАН 6 КЕПЕ

Бүгінде сексеннен асқан, Бесекбай бабасы Сарысуға айтқыш-шешендігімен белгілі болған сол Шайқыстан жан серігі Аманкүл екеуі Жаңатас қаласында тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере қызықтап отырған ардақты қариялар. Сөзге тарта қалсаң жастығының жарасты куәгері, құрылысы өз қолымен қаланған Қамқалыны, оның сол кездегі жасампаздары мен алғашқы директоры Ескермес Жабалбаевты тілге тиек етпей отыра алмайды.

– Жас кезіміз ғой. Шаршауды білмейтін жылдар. Жас әрі бастамашыл директорым қайда жұмсаса, сонда кетемін. Әуелі бірнеше қарияны ертіп келіп, ауыл орнын белгіледік. Құрылысқа ыңғайлы осы жазықты директор өзі де байқап кеткен екен. Қарттар қол соқты. Ұнады. Құрылыс маманы ретінде менің де көңілімді жайландырды. Себебі көршілес Жайлаукөлдің де, бір жыл бұрын ашылған Шығанақтың да ойлы-қырлы жерлерінің көрнекті құрылыс жүргізуге қолайсыздығын көріп жүретінмін.

Желтоқсаннан бастап құрылыс бұйымдары ағылып түсе бастады. Қат-қабат кезде жұмыс бастау қиынға соқты. Келгендер тұрақтамай қайтып та жатты. Директор қалтама қаржыны тоғытып берді де Жамбылға аттандырды. Әр ұлттың құрылысшыларымен сөйлесемін. Көнбейді. «Көреміз» деп, көңіл жықпай қайтарады. Бізге мамандар мен құрылысшылар орналастыратын баспана ауадай қажет. Өкілдер де ағылып келіп, тапсырма беруде. Ақыл жұмысшы күші болар емес. Сонда Есекең тапқырлық жасады:

Базардағы бабы жоқ адамдарды бір асханаға жинадым да «Портвейн» мен «Вермут» деген арзан арақпен «суарып» алып, тоғызын «Газикпен» 250 шақырымдағы жаңа құрылыс алаңына алып келдім.

Олар қарулы болып шықты. Болашақ ауыл батысындағы 3 шақырым жердегі кейін «Рахымжан қыстауы» аталып кеткен жерден әп-сәтте кепелер дайындалып, құрылысшыларды орналастырдым.

Бүгінгі мектеп орын тепкен тұстан бөлінген жиырмашақты киіз үй тігілді. Кеңсеміз де, асханамыз да, мамандардың жатын орны да осы үйлерде. Қамқалының алғашқы орталығы осылай көтерілді. Ауызбен айтуға оңай болғанмен ол кезде тыңнан ұйымдастырудың машақаты мен қиындығын еске алсам, көзге жас келеді.

Бірақ жеңдік, келер жылы бес бөлмелі ақшаңқай үйлер қаз-қатар бой түзегенде көргендер таңғалып, бас шайқағанының куәсі болғанмын. Бұл тұрғыда шешен, неміс, орыс ұлтының өкілдерінен құралған құрылысшылардың іскерлігін ерекше атап өткен жөн.

Көп кешікпей үстеме жалақымен мамандар, малшылар, механизаторлар келді. Оларды жаңадан салынған үйлерге орналастырдық. Құрылыс жыл бойы тоқтамады.

Ауданның «Коммунар», «Байқадам», «Жайылма», «Калинин» атындағы және Жайлаукөлдің Шу өңіріндегі бөлімшелері түліктерімен жаңа Қамқалы мен Шығанаққа қосылды. Алматы облысынан көптеген малшы әкелінді. Ел осылай есін жинап, көтерілді, – деді Шайқыстан қария терең ойға батып.

Сол тұстағы кеңшардың алғашқы директоры Ескермес Жабалбаевтың және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары басшыларының, мамандардың, құрылысшылар мен механизатордың, малшылардың төккен тер, еткен еңбегін айтсаңызшы. Бала болсам да шет жағасын көрген едім.

АЛҒАШҚЫ ҚҰДЫҚ

Бүгінге дейін суы бір тартылмай Қамқалыны суландырып отырған, алғаш 180 метрден су шыққан шөлейттегі бұл құдыққа да алпыс жыл.

Құдықтың орнын таңдаған – Кәрібоз Дүйсенбаев қария. Мен бұл туралы көзі тірісінде ол кісінің өзінен талай естіген едім. Сонда қария былай деп еді:

Мен бағана ғана көрген орынның батыс тұсында сәл болар болмас жантақ шашыла шыққан жерді көрсетіп:

«Шырағым, қай кезде де халық аңызына сүйенген жөн. Қаншама ғасыр бабаң жантақ өскен жерден су іздеген. Жантақтың тамыры тереңге кетеді. Су ызасынан нәр алған. Тілімді алсаң, қаладан келетін құдықшыларың осы жерге бұрғы салсын. Өкінбейсің», –деп көндірдім.

Сөйтіп, құдықшылар іске кіріседі. Бірақ біраз жерге дейін су өте кермек, ішуге жарамайтын болып шығады. «Бұдан әрі тұщы су шықпайды» деп құдықшылар жиыла бергенде директор үстеме төлетіп, тағы тереңдете қазуын өтінеді. Ақыры осы тереңдік көлемінен суды татып көргенде басшыдан бастап қосшыларына дейін «Тұщы!» деп шу ете қалғанын ағай марқұм да еске алып отыратын. Бұл құдықтан басқа екі құдық қаздырады. Бірақ мал ішуге де жарамайтын тұзды болып, кейін көміліп қалғанын көрдік.

Ал алғашқы құдықтың игілігін қамқалылықтар күні бүгінге дейін көріп отыр.

АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ

Ауылдың бірінші көшесінде пайдалануға берілген бес бөлмелі каркас үйді мектепке айналдырып, оған «Космонавттар атындағы орыс, қазақ бастауыш мектебі» деген маңдайша ілінгені есімде.

Мектептің алғашқы мұғалімдері болып Шымкенттегі педагогикалық институттың тарих бөлімінің соңғы курсында сырттай оқитын Аманкүл Нұрмағанбетова (Шайқыстан шебердің жары) қазақ сыныптарының, Сарысу ауданы шаңырақ көтерген кездегі алғашқы мұғалім Дәукеннің үлкен қызы Сақыш Дәукенова орыс сыныптарының дәрісшісі болып тіркелді. Осылай ауылда алғашқы қоңырау да сыңғырлаған еді.

Мектеп бітірген мені дегеніме көнбей ағаларым Шымкенттегі педагогикалық институтқа түсірді. Күзде мақта жинауға жіберетін сылтауды желеу етіп ауылға келіп, «мен журналист боламын» деп жасымнан армандаған мамандығымды аңсап, табандап оқуға бармай қалдым. Бұл қырсықтықты отбасымыздан басқа ешкім де білген жоқ.

Шаруашылық директоры «ал ендеше» деп әуелі шөп дайындауға, одан соң Шайқыстан ағаның қарамағына малшылар үйін қысқа әзірлеу жұмысына салып, сілікпемді шығарды. Күзде мал шағылыстыру науқанында көмекші етіп, Әділхан шопанның қасына қосты. Міне, оқу таңдағанның жазасы.

Қараша да бітті. Маған директор көлігінің жүргізушісі «Мұғалім боласың» деп хабарлап, ауылға алып кетті. Ауыр жұмыстан құтылып, енді оқу таңдамайтыныма іштей серттесіп, есейіп оралдым.

Сақыш жеңгем декреттік демалысқа кетіп, мен де мұғалім атандым. Ағаларымның жоспарын түсіне қойдым. Бұл да дұрыс екен. Ащы тердің қандай болатынын біле бастадым. Осылай мен де ауылдың алғашқы мұғалімі болып шыға келдім.

Жуырда балаларым менің 75 жасымды тойлап берді. Сонда ойламаған жерден әр жерде жұмыс істейтін 5-6 оқушым өздері сұранып тойыма келді. Жылдар бәрін өзгертіпті. Тәмпіш мұрын момақан сол шәкірттерімді танымай да қалдым. «Нашар мұғалім болмаппын-ау» деп толқыдым.

Аманкүл еңбектегі ұстазымдай болды. Айтатыны да, үйретері де бар екен. Көп сөйлемейді. Салмақты әрі биязы қалпы, көпшілдігі мен үлкен кішіні де, оқушыны да баурап алатын педагогтік болмыс өзіне жарасып тұратын.

Көз алдымда Шайқыстан екеуі өздері ашып, тұсауын кескен мектептен абырой-беделіне дақ түсірмей, зейнет демалысына шықты.

АЛҒАШҚЫ ШІЛДЕХАНА

«Сабақты ине сәтімен» деп халық осындайда айтқан болу керек. Барлық кезде адамдар алғашқыларды ғұмыр бойы ұмытпаған. Мұндай сәттер алыстағы жаңа ауылда көп болмағанымен қамқалылықтардың да тарихында алтын әріппен жазылған жайттар бар. Соның бірегейі – алғашқы шілдехана мен жергілікті жұрттың еңсесін бір көтеріп тастаған нәресте тойы. Бұл жақсылықтың белгісіндей беріге дейін әңгіменің әрі болғанына куәгер болған жанмын.

Шаруашылық орталығына қазық қағар күндері кеңшардың алғашқы директорының жары Аманкүл аты аңыз болған Жайаукөлдің шағын ауруханасында дүниеге Ғалиден атты ұлын әкелді. Ұлдың атын кітапқұмар басшы өзі құрметтейтін, студент кезінде талай кездесуіне қатысқан қазақтың танымал ақыны Ғали Ормановтың құрметіне Ғалиден деп өзі қойды. Бір қызығы, Ескермес Жабалбаев інісі Елеусіздің тұңғыш ұлының атын Ғабиден, екінші інісі Ферметайдың да тұңғышының атын Ғабит деп ұлы қаламгерлердің құрметіне өзі қойған болатын.

Мына үйлесімділікті қараңызшы, Ғалиденнің бесігін Қамқалының алғашқы құрылыс шебері Шайқыстан Кенжеқұлов жасады. Ол бесікте Қамқалыда дүниеге келген директордың ұл-қыздары Нүркен, Өркен, Мейрамкүл, Әйкендер де тербелген.

Ал құрылыс шебері Шайқыстан мен жары, кеңшардың алғашқы мұғалімі Аманкүлдің дүниеге келген тұңғышы Гүлжанның шілдехана тойы 9 мамырда алғашқы кепе мен киіз үйде өтті. Бұл шілдеханаға Ескермес Жабалбаев бір жыл бұрын шаңырақ көтерген көршілес «Шығанақ» кеңшарының директоры Рахметовты да шақырды.

Алыстағы кеңшарлардың қос директоры жарасып, алғашқы шілдехананы шынайы тілекпен ашып, көктемгі Шу өңірінің келісті кешін дүрілдетіп өткізген еді.

Сол нәресте Гүлжан бүгінде Қызылорданы бетіне қаратқан кәсіпкер, Желтоқсан оқиғасының куәгері, арнайы төсбелгінің иегері. Қос басшының тілектері, Қамқалының самалды ауасы дәру болды деп ырымдап отырады Шайқыстан қария мен Аманкүл жеңгеміз.

Міне, шалғайдағы бір ауылдың шаңырақ көтеру шежіресі осылай өрілді.

...Уақыт не түрлі оқиғасын қойнына алып өтіп жатыр. Сол ауыл ең соңынан шаңырақ көтерсе де аудандағы он шаруашылықтың алдыңғы сапына теңеген талай марғасқалар арттарына үлгі болар із қалдырып, дүниеден өтіп кетті. Олардың бәрінің дерлік көзін көрдім десем де болады. «Аға» деп талайларының сүлгісін ұсынып, қолдарына су құю бақытына ие болғаным үшін де марқұмдардың рухына бас иіп, еске алу жазбам арқылы жеңілдеп қалғанымды қалай жасырайын?

Ал бүгінде алыстағы ауылдың алғашқылары Шайқыстан ағамыз бен Аманкүл жеңгеміз Жаңатастың шығысындағы тау бөктеріндегі зәулім үйлерінде Қамқалыда өткен күндерін сағынышпен еске алып, ешкімге міндет артпай, бала-шағаларының ортасында далалық қарапайым мінездерімен тағдырдың жазғанын місе тұтып, бақытты күн кешуде.

Ең өкініштісі, жылда өтіп жататын Құрылысшылар күнінде де, Мұғалімдер күнінде де ауданда бұларды ескеріп жатқандар жоқ. Ескілер өткен, жаңалар оларды мойындағысы келмейді.

Кейде ауданға қатысы жоқтарға да жұртты таңғалдырып, «Сарысудың Құрметті азаматы» атағы беріліп жатады. Екі ардагерді көрген сайын «Құрметті азаматты алыстан іздемейік, ағайын. Олар арамызда жүр» дегім келеді.

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,
Сарысу ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Сарысу ауданы