Қоғам

Жұмысшы мамандығына жұрт қызықпайды. Неге?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарын насихаттап, беделі мен мәртебесін арттырып, жастарды осы салаға көптеп тартуға бағытталған.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деді Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Жасырып қайтейік, қазіргі қоғамда механизаторлар мен комбайншылардың, шопандардың, жалпы ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарының көп жағдайда есімдері елеусіз қалып жатады. Содан кейін де шығар, жұмысшы мамандықтарына жастар көп қызыға бермейді.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмендігіне ең басты себеп – жалақының аздығы.

Жұмысшы мамандықтарға қатысты ортамерзімді болжамға сәйкес 2030 жылға қарай кадрларға қажеттілік 410,6 мың адамды құрауы мүмкін. Олардың ішінде көлік, жүк көлігінің жүргізушілері, такси жүргізушілеріне сұраныс 88,1 мың адамға жетуі ықтимал. Сол секілді дәнекерлеушілерге сұраныс – 18 мың адамға, монтаж құрылысшы, құрылысшы-әрлеуші мен суретшілер – 13,4 мың адамға, сантехниктер – 13,2 мың адамға, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіруші жұмысшылар – 12,4 мың адамға, сылақшылар – 11,2 мың адамға, тракторшылар – 11 мың адамға, құрылысшы-монтажшылар, соған байланысты жұмысшылар – 9,2 мың адамға, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарьлары – 8,2 мың адамға, басқа да жұмысшы мамандарға сұраныс артуы мүмкін екен.

Осы сұранысты өтеу, жұмысшы мамандарды ынталандыру, еңбегін насихаттау бағытында елімізде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Облысымызда да жұмысшы мамандық иелерін даярлауға жіті көңіл бөлінуде. Мәселен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде бүгінгі таңда 33 мамандық бойынша жалпы 2 446 студент, оның ішінде 1 071-і жұмысшы мамандықтарда оқиды. Студенттер шәкіртақы, ыстық тамақ, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз етілген.

Осы орайда жұмысшы мамандық иелерінің де пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. Тараз қаласының тұрғыны Мадияр Әлімқұлов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Есептеуіш техника және программалық қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде үлкен өндіріс орнында жемісті еңбек етуде.

Трактор тізгіндеген Сағи Қуаныш та адал еңбегінің арқасында бүгінде отбасының асыраушысы болып отыр.

Ал экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, әрбір азамат өзінің оң жамбасына келетін жұмыспен айналысса, сапалы мамандардың қатары толыға түседі.

Қорыта айтқанда, мемлекетіміздің қозғаушы күші жастар екені белгілі. Сол себепті жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту – еліміздің еңбек нарығын дамытудың маңызды бағыты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ