Шатырдан аққан су шаршатты
Тараз қаласында биыл 53 көпқабатты тұрғын үйдің жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Алайда мердігерлердің кейбірі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында үйдің төбесін ашып, шатырын жабуға дайындап жатқанда жауын жауып кетуі тұрғындар арасында айтарлықтай мәселе туындатып отыр. Себебі шатыры ашық үйден аққан су бірқатар пәтерді бүлдірген. Аталған жайт бойынша редакцияға хабарласып, көмек сұраған тұрғынның бірі – Айнұр Мырзахметова. Ол Тараз қаласындағы «Төңкеріс» тұрғын алқабы, №5 үйде тұрады.
Айтуынша, ол қазіргі таңда жауыннан бүлінген пәтерін мердігерге жөндете алмай пұшайман күйде отыр. Қыркүйек айынан бастап 5 мәрте жаңбыр жауып, дүние-мүлкіне дейін рәсуә болған. Біз оның үйіне барғанда жауын-шашыннан кейін пайда болған судың кесірінен пәтер іші ылғалданып, тұсқағаздардың кейбірі бүлінгенін, кезінде бөлменің төбесін қаптаған құрылыс материалдарының (сайдинг) ағытылып алынып, бір шетке жиналғанын, ағаш едені сыз тартып тұрғанын, бөлме ішін кептіруге арналған құрылғы (пушка) қойылғанын көзіміз шалды.
Тұрғынның сөзіне сүйенсек, мердігер түрлі сылтау айтып, пәтерін жөндеп беруді кейінгі ысырып жүрген көрінеді. Осы мәселені шешіп беруді өтініп, бірнеше рет «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Айнұр Иранқызы өз құқығын алға тартып, үйін қалпына келтіруді тиісті орындардан талап етуде.
Төрт қабатты үйдің төртінші қабатында тұратын А.Мырзахметованың көршісінің де есігін қақтық. Мұндағы басты мақсат – өзге де тұрғындардың пәтері қандай жағдайға душар болғанын білу. Өзін Гүлназым Бидайбекова деп таныстырған орта жастағы әйел пәтері бір бөлме екенін, «жөндеу жұмыстарын жүргізіп беремін» деген уәдесі бойынша мердігерді күтіп жүргенін айтты.
Осыдан кейін біз «Алатау» ықшамауданында орналасқан «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС-на бас сұқтық. Серіктестіктің құрылыс жұмыстарын жүргізу және сапасын бақылау бөлімінің басшысы Дәулет Жаскелеңов аталған жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
Келесі кезекте біз мердігер компанияның басшысы Е.Есіркеповке жолықтық. Ол аталған үйде 8 пәтер бүлінсе, оның алтауын жөндеп беріпті. Елдос Аманғалиұлы бұл шаруаны тұрғын үйдің жөндеу жұмысынан түсетін қалған елу пайыз қаржыны күтпей-ақ, амалын тауып атқарып жатыр екен.
«Мердігердің айтып отырғаны рас па?» деп А.Мырзахметоваға қайта хабарласқанымызда ол: «Мердігер түсқағазды сатып әперіп, жөндеу жұмысын өзіме істетіп қоймақшы. Лоджияда бүлінген, ол жерге басқа бөлмеден шыққан сайдингтерді жапсыра салмақшы. Мен аурушаң адаммын, ал мамандар еңбегі үшін аз ақша алмайтынын айтып отыр. Материалға да қыруар қаржы кететіні анық. Ол пәтерімді бүлдірді ме, жөндеп беруі тиіс», – деді.
Әркімнің өз ақиқаты бар. Пәтері бүлінген тұрғындыкі дұрыс па, әлде жөндеп беруі тиіс мердігердікі дұрыс па, оған біз баға бере алмаймыз. Біздің білетініміз, арадағы дауды одан ары ушықтырмай, екі тарап өзара түсіністікке келіп, мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысса, бәрінен де сол тиімді болмақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ