Ой ұшқырлығы сынға түсті
Жуырда облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 11-сынып оқушылары арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңі өтті. Байқау Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ұйымдастырылды.
Өрендердің ой ұшқырлығын шыңдаған жарысқа 97 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруды көздеген зияткерлік сайыстың облыстық кезеңіне қатысушылар 2 бөлім, атап айтқанда, жазбаша тестілеу, ауызша тексеру бойынша сынға түсті. Екінші кезеңде тестілеуден іріктелген 10 оқушыға арналған ойын өтті. Нәтижесінде 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.
Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның оқушысы Айгерім Мырзабай, Көктал орта мектебінің оқушысы Нұрай Дәулет, Қордай ауданындағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Әміржан Тлеукен республикалық жарысқа қатысатын болады. Сондай ақ №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Дания Ақылбек, Шу ауданындағы М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Жанболат Аман да 2025 жылдың наурыз, сәуір айларында «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өтетін қорытынды кезеңге облыс атынан қатысады.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ