Білім

Білім саласына баса назар аударылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Жолдауларында білім саласына кеңінен тоқталып, баса назар аударып отырады. Білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын ескерген ел Президенті биылғы басты құжатта да білім саласына қатысты маңызды бастамаларды көтерді.

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Осы орайда Мемлекет басшысы оқыту, білім беру ісінде олқылыққа жол беруге болмайтынын айтты.

Жолдауда айтылған жаңашылдықтың бірі – педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданғандығы. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады.

Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды. Бұл мәселе де Президенттің назарынан тыс қалмады.

Сонымен қатар жоғары білім саласына да реформа, жарқын өзгерістер енгізу керектігін жеткізді.

Мемлекет басшысы: «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады», – деді.

Жолдауда айтылған саладағы бетбұрыстың бірі – білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі. Еліміздегі басты құжатта студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де қамтылған. Мемлекет басшысы бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігі де қарастырылатын болады.

Алуа ҮМБЕТӘЛІ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университеті, «Музыка және
көркемдік білім» кафедрасының
аға оқытушысы