Жамбыл жаңалықтары

Кедергісіз орта қалыптастыруға не кедергі?

Кеше «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында депутаттардың, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік емес ұйымдарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Еске сала кетсек, облыс бойынша 45 682 ерекше қажеттіліктері бар адам тіркелген.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған іс шара барысында комиссия мүшелері БАҚ өкілдерімен бірге «Firkan», «Дәмді себет» дүкендер желісін, «Садыхан» дәріханасын және «ForteBank», «Kaspi Bank» ғимараттарын аралады.

Зерделеу жұмыстарынан байқағанымыз, сауда орындарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдай көңіл көншітпейді. Себебі инватакси қызметін ұсынатын көлік құралдарына арналған арнайы тұрақ, тіпті пандус та қарастырылмаған. Кіреберістері де, әжетханалары да ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп-тұруына бейімделмеген. Дүкендердің ішіндегі кассаларда, сөрелердің маңында арнайы белгілер жоқ.

«Алатау» ықшамауданында орналасқан «Bereke Bank»-тің ғана пандустары, шақыру белгісі, касса алдында арнайы орын, тіпті мүгедектігі бар жандарға арналған әжетханасы да қарастырылған болып шықты. Ал үлкен сауда орталықтарының көбінде пандус, көлік тұрағы мәселелері шешілмеген. Осы ретте комиссия мүшелері тарапынан сауда орталықтарының басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА