Жаңа жол картасы жаңғыруға бастайды
Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 434 мыңнан аса халық тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы бойынша, облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладағы аудандар құрылады.
Шаһарда екі аудан құру қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес Тараз қаласы маңындағы Байзақ және Жамбыл аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекенді облыс орталығына қосу көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 479 мың адамнан асатын болады.
Жуырда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен қала құрамына енетін елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша кеңес отырысы өтті.
Келелі басқосуға Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен жаңадан қосылатын ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Әуелі Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков пен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков қала құрамына енетін елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жан-жақты тілге тиек етті.
Өз кезегінде шаһар басшысы қала құрамына қосылатын әр елді мекеннің өзекті мәселелерін шешу кезек күттірмейтінін баса айтты.
Жалпы қос ауданнан шаһарға енетін ауылдардың әлеуметтік мәселелері бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Енді сол түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін бірлескен жоба-жоспар әзірленеді. Содан кейін сол елді мекендерді дамыту мақсатында арнайы жол картасы даярланады.
Тараз қаласы әкімдігінің
медиа қызметі