Меже мүлтіксіз орындалуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының межелі уақыты келесі жылы аяқталады. Облысымызда халық санына шаққанда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші қалалық жерде 97,5 пайызға жетсе, ауылдық жерде – 94,9 пайыз. Бір қарағанда меженің орындалуына небәрі 4-5-ақ пайыз қалғандай көрінеді. Алайда екі-үш жылдан бері ауызсу мәселесі жырға айналған ауылдар жайлы ойласаң, шаруаны ширатпай іс бітпейтін сияқты.
Бұл ретте мердігерлердің жауапкершілігін күшейту, сот процестерін жеделдету секілді шаруалардың соңына түспесе болмайды. Себебі ауызсу мәселесі халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін болғандықтан тұрғындардың сеніміне селкеу түспеуі керек. Бұл тұрғыда тапсырманың толық орындалуы тек есептік көрсеткіштерді жақсартуға ғана емес, халықтың жайлы тұрмыс кешуіне де әсер ететінін осы істің басы-қасында жүргендер сезінуі қажет. Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселелерге баса назар аударылды.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында кейбір құрылысы жүріп жатқан нысандарда мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына байланысты сот процестерінің жүруі, құрылыс нормаларының бұзылуы, жұмыстардың өндірістік кестеден кешігуі орын алған. Бұл олқылық өз кезегінде нысандардың жоспарланған мерзімде тапсырылмауы мен құрылыс нысанының сапасына кері әсерін тигізген.
Өз кезегінде облыс әкімі онлайн байланыс арқылы жиынға қатысып отырған Қордай ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бақыт Сахатовқа күн тәртібіндегі мәселе бойынша сұрақ қойды.
Бақыт Оңласынұлының айтуынша, биыл бюджеттен 5,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 6 елді мекен бойынша ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Үш елді мекеннің жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, Күнбатыс – 2, Шарбақты елді мекендеріндегі жұмыстар келесі жылға өтпелі. Сарыбұлақ ауылындағы жұмыс осы айдың соңында аяқталмақ. Одан бөлек Президент тапсырмасына сәйкес межені орындау үшін 12 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданған. Оның ішінде бірқатары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал Жібек жолы көшесіндегі орын алған су құбырындағы ақау бүгінде жөнделіп, мәселе шешімін тауыпты.
Жиында өзге де тиісті қала және аудан әкімдерінен, басқарма басшыларынан жауап алған Ербол Шырақпайұлы инфрақұрылым жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу, проблемалық нысандар мәселесін уақыт оздырмай шешу, әрбір нысанның уақытылы әрі сапалы тапсырылуына күш салу секілді бірқатар тапсырма жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ