Спорт

Жамбыл облысында 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде

Егемен ел атанғалы отыз жылдан астам уақыт ішінде Жамбыл жерінде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды,деп хабарлайды arainfo.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа зор көңіл бөліп, әрдайым бұл саланы мемлекеттік маңызы бар бағыттар санатына қосып келеді. Нәтижесінде жерлестеріміз халықаралық ареналарда толағай табыстарға қол жеткізіп, әлемдік қауымдастық алдында абыройымыз бен мәртебемізді арттырды.

Бүгінгі таңда Әулиеата өңірінде бас-аяғы 2 244 спорт нысаны және 76 спорт мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 54 мекеме бар. Дәл қазір аймақтағы 500 мыңға жуық азамат тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл – облыс халқының 40,8 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 41 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Бастысы, өңір аумағында көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, барлығы да ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Заман талабына сай салынған спорттық ғимараттар соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Осылайша, жамбылдықтар дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталануда.

Қазіргі күні бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 285 спорт нұсқаушы жұмыс атқаруда. Өткен жылмен салыстырғанда спорт нұсқаушыларының қатары 5 адамға өсіп отыр. Спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінде 30 мыңға тарта спортшыға 1 122 жаттықтырушы тәлім беруде. Жалпы, бүгінгі таңда облыста спорттың 83 түрі қамтылған.

Бұл күндері облыста 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 4 спорт кешені ел игілігіне берілді. Жыл соңына дейін 6 спорт кешенін қолданысқа беру жоспарлануда. Қалған 5 спорт кешенінің құрылысы келер жылы аяқталатын болады.