Жамбыл облысындағы елді мекендердің 98,1 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты ауыз сумен қамту мәселесі қаралды,деп хабарлайды arainfo.kz
Жамбыл облысында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, ауыз су нысандарының құрылысы мен кешенді блок-модуль орнату бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.
Аймақта 4 қала мен 367 ауылдық елді мекен бар. Қазіргі уақытта Тараз және Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап пен 54 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеген.
2024 жылы 37 ауылдық елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапқа ауыз су жүйелерін тарту, сондай-ақ 16 ауылдық елді мекендегі ескірген су желілерін қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қалаларда халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,8 пайызға (2023 ж. – 97,5%), ал ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға (2023 ж. – 94,9%) жетуі көзделуде.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша, 19 ауылдық елді мекенге ауыз су жеткізілген.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауыз сумен қамтудың төмен деңгейі байқалған аудандардың әкімдерінен есеп алып, құрылыс мерзімдерінің кешігу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түскен шағымдарды мұқият қарауды тапсырды.
Кеңес қорытындысында жауапты тұлғаларға мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды күшейту, ауыз су нысандарының сапасы мен мерзімінде тапсырылуына ерекше назар аудару, және келесі жылға жоспарланған жобаларды мұқият пысықтау тапсырылды.