ҰЛТ ҰЛЫЛАРЫНЫҢ ҮЛГІСІ
ҰЛТ ҰЛЫЛАРЫНЫҢ ҮЛГІСІ
Ол кезде әдебиетіміздің үш арысы атанған Сәкен, Бейімбет, Ілиястан басқа Алаш қайраткерлері сөз етіле бермейтін-ді. Бірақ бас салып жамандау да ішінара тыйыла бастаған сияқты мезгіл еді. Мұны біз ұлт әдебиетін, тарихын қозғайтын Әбіш ағайымыздың халық жауы атанып кеткен қазақ зиялыларының атына дақ жұқтырғысы келмейтін лекцияларынан да бағамдадық. Есесіне КСРО цензурасының шаш ал десе бас алатын жауыз қылышының қан сасыған пиғылын мүңкіте баяндайтын. Сол лекциялардың бірінде Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы Орталық Комитетінің «Звезда» мен «Ленинград» журналдарына қатысты 1946 жылдың 14 тамызы күнгі атышулы Қаулысы туралы дерек келтірілді. Ресейдің Ленинград қаласынан басылып шығатын бұл екі көркем-әдеби жорналдың бағытының дұрыс еместігін баса атап өтетін Қаулы классик жазушы Михаил Зощенко мен талантты ақын Анна Ахматованың шығармаларын іске алғысыз етіп тастайды. Орталық Комитеттің отырысында қабылданған Қаулы 21 тамызда «Правда» газетінде жарияланады. Екі апта өткенде Зощенко мен Ахматова Жазушылар Одағынан шығарылады. Артынша екеуінің де шығармалары қуғынға ұшырап, кітаптары дүкендерден алынып тасталады. Тіпті авторлар нан алатын карточкаларынан айырылады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда әл-ауқатын нашарлатқаны былай тұрсын, екі ұлы қаламгерді әдеби өмірден аластап, күресінге тастаған қатыгез жүйе туралы дәрісті конспект дәптерімізге зуылдатып жазып алып үлгеріп жатқанымызда, профессор дыбыссыз тыныстап, терең күрсінетін. Ол кісінің осы күрсінісін пайдаланып, біз де қас-қағым сәтке болса да демімізді бір алып қалушы едік. Бірақ үнсіздік көпке бармайды. Әдетте көзін жұмып алып, қағазындағыны тоқтамай жатқа соғатын Әбіш ағайдың сілтідей тынып, өзінен көз алмай қарап отырған студенттеріне дәрістен тыс не нәрсе айтпақ болғанын ең алдыңғы партадағы кез келген жан байқар еді. Мен сөйттім. Қолымдағы қаламсабымның бір ұшын аузыма сап тістелеген күйі, ұстазыма құлақ түрдім. – Егер қатал тәртіптің қаһарынан құрбан болған осыларға ұқсап, репрессияға ұшырап, халық жауы атанбағанда, Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын» әріден, Ахмет Байтұрсынұлынан бастайтын едік, – деп қалды да, жүзіндегі эмоциясын тез жиып, Әбіш ағай сабаққа сай тақырыбын одан әрі жалғастырып әкетті... Өткен дәуірдің сексенінші жылдарының екінші жартысы ақтаңдақ жылдардың құрбандары түгелдей дерлік ақтала бастаған жылымық шаққа ұласты. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы мектеп бағдарламасына енгізілді. Еңбектері кітап болып шықты. Әдебиет пәнінде соларды толық қамтыған жаңа оқулықтар пайда болды. Бұрынырақта үш арыс – үш бәйтерегіміз деп Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндерді атап, мақтаныш еткен қазақ қауымы енді оларға қоса бес адамның есімін ауыздан тастамайтын болды. Әдебиетсүйер оқырман ғана емес, бүкіл қазақтың ой-санасына Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев «Бес арыс» деген атаулы ұғыммен дендеп енді. Саясаттың сайқал жүйесінен сансыз теперіш көріп, тағдырлары аянышты аяқталған ұлтымыздың бұл перзенттерінің артында қалған өлмес мұраларын мектеп оқушылары да қызыға, құныға меңгерді. 1956 жылғы 30 маусымдағы КОКП Орталық Комитетінің жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы қаулысы шыққан-ды. Қаулыда КОКП Орталық Комитеті жеке адамға табынушылық пен оның зардаптарын жою жөнінде соңғы уақытқа дейін партияның жүргізген жұмысы қазірдің өзінде-ақ жақсы нәтижелерін берді деп санайды. Партияның ХХ съезінің шешімдеріне сүйене отырып, КОКП Орталық Комитеті барлық партия ұйымдарын ортақ мүддеге ұйыстырады. Қысқасы, әшекейлі ойлармен көмкеріліп, «сұлу» сөздермен толтырылса да қаулының жылтырақ мәтіні ресми құжаттық үлкен рөл атқарғандықтан, одақ құрамындағы елдердің талайлы тарихының тайғанақ тағдырын кеш те болса оң шешуге ықпал еткені рас. Дегенмен, КОКП-ң ХХ съезінен кейін бізде С.Сейфуллин, О.Жандосов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, О.Исаев, С.Меңдешев, Н.Нұрмақов сынды әділетсіз жаза көргендердің бірқатарының есімдері қайта атала бастайды да, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы есімдері көпке дейін жабулы күйінде қала берген. Не керек, аракідік бірді-екілі адам болса да, жалалы, налалы азаматтарының есімдері жуылып-шайылып, тазарып, ептеп жарыққа шыға бастағанына қуанған біздің аңғал ел Желтоқсан оқиғасына дейін де асқан шыдамдылықпен өмір сүргені анық. Желтоқсан көтерілісінде жоғары жаққа өткір азуын бір көрсетіп, дүниені дүр сілкіндіріп алған қазақ елінде көп ұзамай, 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаланған қазақ зиялыларының тағы бір тобы ақталған. Осылайша Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Құдайберген Жұбановтар мен жоғарыда аталған Бес арысымыз қайта тіріліп келгендей болды. Олардың әрқайсысының өмір жолы өнеге. Әрқайсысы бір-бір тұлға. Әрқайсысы дара. Иә, сол кезгі қазақ зиялыларының бір-бірімен татулығын, бір-бірімен достығын қазір айтып жеткізу қиын. Олардың арасындағы кіршіксіз қарым-қатынас, идеялас пікірлестік, жақындық байланыс тіпті сонау Ресейлік патша үкіметі тұсынан қалыптасып қойған. 1905 жылдың 6-13 қарашасы күндері өткен Мәскеудегі жергілікті жер және қала қайраткерлерінің съезінде Әлихан Бөкейханның сөз сөйлеп, ресми үкіметтің Ахмет Байтұрсынұлының қырық алты мысалын бастыруға рұқсат бермей жатқанын жеткізген. Ал енді, 1909 жылы «Қарқаралыда өкіметке қарсы әрекеттер жасады» деген айыппен Семей түрмесіне жабылып, екі жылға жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлының сол уақытта Петерборда «Қырық мысал» жинағы жарық көріп жатады. Қарап отырсаңыз, мұндай қарама-қайшылықтар олардың өмірінде көптеп кездескен. Көп ұзамай Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға келіп, өмірінің жаңа белесін, тың кезеңін бастағанда мерзім күнтізбесі 1910 жылдың 9 наурызын меңзеп тұрған. 1912 жылы Орынборда «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба» еңбегі жарық көрген А.Байтұрсынұлының ағартушылық бағытты өз алдына мақсат етіп қойғаны айдай әлемге белгілі болған-тын. Оның екі жылдан кейін баспадан шыққан «Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 1-жылдық» атты оқулығының да білім алуға ұмтылған қазақ бұқара қауымы үшін мәні зор болғаны рас. Бір пікірлі ұлт зиялыларының достығы туралы ойымызды 1916 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі де айғақтай түседі. Әсіресе осы үш кісінің бір-бірімен қатты араласқаны Міржақып Дулатовтың қызының естеліктерінде де сөз болады. Гүлнар Дулатова Ахметті де, Әлиханды да кішкентайынан көріп, танып, бауыр басып өскендіктен, оларды «Атекем» деп атап кеткен екен. 1917 жылдың 2-8 сәуірі аралығында Орынбор қаласында Торғай облыстық қазақ съезі өтіп, жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бюроның құрамы бекітіледі. Оған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтар мүше болып еніп, төрағалығына Ахмет Байтұрсынұлы сайланады. Әуелгі сөзіміздің басында «Әдебиет теориясы» жайлы мәселені еске алғанда, қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері, қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы болғандығын тілге тиек еткіміз келген-тұғын. Қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби құрастырып, жаңа үлгі ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалғандығымен ерекшеленді. Қазақ білімпаздарының Орынборда 1924 жылы өткен тұңғыш съезінде араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдей отырып ғылыми баяндаған А.Байтұрсынұлының бұл әліпбиі ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік еді. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңінің оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болғандығын жоғарыда тегін мысал еткен жоқпыз. Өзінің ең сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ел тағдырына қатты алаңдаған ол көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі деңгейіне дейін жетті. Оның оқу-ағарту, білім, ғылымдағы тұжырымдары 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуінде өз арнасын толық табады. «Әдебиет танытқыш» – қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасауда өзінің үлкен үлесін қосқан. Ахаң сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік формаларын пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. сияқты соны, ұлттық үлгілерін жасады. Өлеңнің тілі мен құрылысын жан-жақты зерттеп, шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді. Ақындық дарын табиғатын, шығармашылық психологиясын, шабыт стихиясын ғылыми тұжырым арқылы ұғындырды. «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші-ғалым, көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923 жыл) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «Жиырма үш жоқтау» жинағын (1926 жыл) кітап етіп шығарып, халық мұрасына аса жауапкершілікпен, үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтқаны ұлтын сүйген, «Мен қазақпын!» деп кеуде кере мақтана алатын, мен деген әрбір қазақтың үнемі жадында тұруы тиіс нақыл. Ахмет Байтұрсынұлының 1922-23 жылы 50 жас мерейтойы Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде атап өтілген. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сықылды замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегін паш еткен. Әттең-ай, бір дәуірдің бүтін салмағын бірге көтере алған төл перзенттерінің осы ұлы достығын құдай көп көрмеген шығар, КСРО-ның қызылит қызғанышы көп көрді. Қазақтың сүт бетіне шығар қою қаймақтарын кеңестік қисық қылышымен олай сапырды, былай сапырды. Оңға бұлғады, солға бұлғады. Одақтық орағымен баудай орды. Білем сапты балтасымен жапырды. Әлінің жеткенінше, қолынан келгенінше қоныштан басып, сүзіп алып, лақтырып тастауға тырысты. Ол көздегендері де орындалып жатты. Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы да өзінің сенімді серіктестері, мүдделес әріптестері, асыл достары Міржақып, Әлихандар секілді репрессияның қыл тұзағына ілініп, халқы үшін құрбан болып кете барды. Міне қазір, біз сол қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың соңында қалған ұрпағымыз деп мақтан етеміз. Орынды шығар. Бірақ олар ұлыларымыз еді ғой. Қаймақтарымыз еді. Қою еді. Құнарлы, нәрлі еді. Ал біз сылдыраған судай сұйық, дәмсіз-нәрсіз сүттің сарқыты сияқты болып қалғандай көрінеміз кейде...
Үміт БИТЕНОВА, ақын,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас ауданы