Жаңалықтар

Мұқтаж жандарға қолдау көп

Халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына түрлі мемлекеттік бағдарламаларда мән беріліп келеді,деп хабарлайды arainfo.kz

Мұқтаж азаматтарды қолдауға мемлекет тарапынан бөлініп отырған көңіл де, көмек те көп. Атаулы әлеуметтік көмек беру жұмыстары облыста да бір жолға қойылған. Оның ішінде мүгедектігі бар жандар ерекше мемлекет қамқорлығына алынған.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, аймақ бойынша 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 6 822 жасөспірім бар.

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған екен. 2024 жылдың 10 айының қорытындысына көз жүгіртсек, 189 нысанға 133,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жоспарланған межені тек Меркі, Шу аудандары орындап, қалған 70 нысанның бейімделмей отырғаны анықталған.

Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеме болса, соның ішінде ересектерді қабылдайтын 9 мекемеде мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар 944 адам алынған екен. Оларға бекітілген стандартқа сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Сол сияқты мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.

Соғыс ардагерлеріне Жеңіс күнінде 1,5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сол секілді биыл жергілікті бюджет есебінен ардагерлерге теңестірілгендерге және мүгедектердің жеке санатындағы 8 026 адамға 1 миллион теңгеге әлеуметтік көмектер беріліпті. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1 166 балаға 47,2 миллион теңге тағайындалып, төленген екен.