Медицина саласының сапасы артуда
Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының сапасы жыл сайын жақсарып келеді,деп хабарлайды arainfo.kz
Бүгінде облыста 392 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Ал, биыл 3,9 миллиард теңгеге 26 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 20 медициналық-санитарлық нысан, яғни 4 дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізіліп келеді.
Жуырда өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар, Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-амбулатория ашылып, ел игілігіне берілді. Облыстағы денсаулық сақтау саласына күрделі шығындарына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жыл сайын 1,48 миллиард теңге бөлінеді. Биыл жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге, психикалық денсаулық орталығына 705 миллион теңге қарастырылды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандық ауруханаларының құрылысы, Меркі, Шу және Талас ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.
Ерік Тілләбекұлының айтуынша, ауылдық елді мекендердің географиялық-аумақтық ерекшеліктеріне және шалғайлығына байланысты қауіптерге сәйкес жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету және маршрутын қайта құру үшін ана мен бала өлімін азайтудың 2023-2024 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Медицина қызметкерлерін перинаталды көмек көрсетуге бағытталған диагностика, емдеу және алдын алу бойынша клиникалық хаттамаларды талдау үздіксіз жүргізіледі. Босандыру қызметін көрсететін мамандары тәжірибелік дағдылары мен біліктіліктерін арттыру үшін шетелдерде тағылымдамадан өткізілген. Ресейде 26 маман, Түркияда 27 маман оқып, білімін жетілдірген. Антенатальды күтім, ұрықты құрсақішілік бақылауды күшейту мақсатында 80-ге жуық дәрігердің қатысуымен біліктілік семинарлары мен курстар ұйымдастырылған.
Шалғай елді мекендерде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында облыста 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Биыл барлығы 289 елді мекенді қамту жоспарланған болса, 8 айдың ішінде 239 елді мекен қамтылған. Жоспарланған елді мекендерде барлығы 131 753 тұрғынды медициналық тексерумен қамту жоспарланған. Биылғы 8 айда 32643 диагностикалық зерттеулер, 5374 зертханалық тексеру, 105206 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды қарау барысында 3582 науқас анықталыпты.