Кәсіп

Заманауи кәсіпті серік еткен Сүйеніш

Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың қатары жыл санап артып келеді. «Балақ түріп қарекет қылғандардың, бақыт келіп есігінен сығалайды» деген қағиданы берік ұстанған жас кәсіпкерлердің ілкімді істері жайлы газетімізде ауық-ауық жазып жүріп байқағанымыз, бүгінгі жастар уақыт көшіне ілесіп, заманауи кәсіп түрлерімен айналысқанды жөн көреді екен.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сүйеніш Кемалов та заманауи кәсіпті жанына серік еткен жас кәсіпкерлердің бірі. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, 25 жасар Сүйеніш теледидар бұрышын (TV зона) жасап, табыс тайқазанын тасытып жүр.

Сүйеніштің теледидар бұрышын жасауды кәсіп қылғанына екі жылдай болыпты. Қазақстанның кез келген қаласынан тапсырыс қабылдайды. Тек тапсырысты бір апта бұрын беруіңіз қажет. Себебі Сүйеніш сіз таңдаған түске орай жиһаз жасап, көлеміне сай кесіп дайындайды, бояйды, әрлейді.

Жақында ғана оқуын бітірген жас кәсіпкер бүгінде кәсібін өзгелерге де үйретіп жүр. Осылайша шағын кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, басқалардың да кәсіп бастауына көмектесуде.

Ал кәсіпкердің әкесі, қолөнер шебері Арқабек Кемалов балаларын жастайынан еңбекке баулып өсіргенін айтады.

Алдағы уақытта Сүйеніш гранттарға қатысып, жеңілдетілген несие алып, өз ісін өркендете түспек.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА