Жұмысшы мамандықтарының беделін арттырған чемпионат
Астана қаласында IX республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2024» чемпионаты өз мәресіне жетті.
Чемпионатқа өңірлік деңгейде үздік атанған 555 студент қатысып, 30 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Байқауда студенттер ақпараттық, инженерлік, өндірістік технологиялар, көлік, әлеуметтік қызметтер, дизайн және басқа да маңызды салалар бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті. Бұл чемпионаттың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек нарығына қажетті жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ықпал ету.
Чемпионат аясында қатысушылармен кездескен Премьер-Министр Олжас Бектенов жастардың алған білімдері мен дағдыларының сұранысқа ие екенін атап өтіп, олардың еліміз үшін маңызды екенін айтты. Ал ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатын тек кәсіби байқау ғана емес, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды алаң деп бағалады.
Чемпионат қорытындысы бойынша облыс намысын қорғаған студенттер 1 алтын, 1 қола, 11 медальон жеңіп алды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Үсенов «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша алтыннан алқа тағынып, үздіктер қатарынан көрінді.
Жалпы колледждің бірқатар студенті бәсі жоғары байқауға қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлермен бәсекеге түсті. «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша Даниил Емельяно, Антон Авилкин (жетекшісі – Ратмир Хаиров), «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша Богдан Иманкұлов, Даниил Стовбыра (жетекшісі – Нұрсұлтан Жаманбаев), «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша Дінахмет Керімжан (жетекшісі – Мақсат Сманкұлов) медальонның иегері атанды.
Айта кетейік, республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі аралығында Данияда өтетін «EuroSkills-2025» халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.
Жаңыл ҚОЖАХМЕТОВА,
Жамбыл политехникалық
жоғары колледжінің
оқытушысы