Министрдің қолынан марапат алған математик
«Бiз тарихтан – кемеңгерлiктi, поэзиядан – шешендiктi, математикадан – зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан – тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан – байыптылықты, логика мен көсемсөзден – айтысу дағдысын үйренемiз» деген екен философ, саяси қайраткер Фрэнсис Бэкон. Ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпай, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеген ұлағатты ұстаздың бірі – Дәурен Естаев.
Дәурен – Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия директорының орынбасары, математика пәнінің мұғалімі. Жас маман таяуда ғана ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының жеңімпазы атанды.
Мұғалімдік – қоғамдағы ең маңызды және құрметті мамандықтардың бірі. Ұлағатты ұстаз атану үшін терең білім аздық етеді. Табандылық, оқушыларды шабыттандыра алатын қабілетке ие болу қажет. Аталған қасиеттер бойынан табыла білген кейіпкеріміз оқушыларды білім нәрімен сусындатып, көп жанның тісі бата бермейтін ғылымға баулып келеді. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық олимпиадалар мен байқауларда топ жарып жүргенін айта кету керек.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік аяқтаған ол мұғалімдік қызметін Қарағанды қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиядан бастайды. Ұстаздық еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ кейіпкеріміз өзінің ең әуелгі міндеті оқушыларға математика ғылымының есеп пен формула ғана емес, идеяларға, мүмкіндіктерге толы тұтас әлем екенін ұғындыру екенін түсінеді. Жас маман өрендер алгебраны формулалар мен есептердің жиынтығы ретінде қабылдамай, практикалық мәнін түсінгенін қалайтынын жеткізді. Қарапайым тілде айтсақ, күнделікті сауда-саттықты, шахмат ойынын, жұмыс кестесін жасау, тіпті жолға асфальт төсеу, ғарышқа зымыран ұшыру және тағы басқа іс-әрекеттер математикалық есептеулер арқылы жүзеге асады. Дәурен болса, әр сабағын білім алушы ұл-қыздар бұл ғылымға терең бойлағысы келмесе де математиканың негізгі ережелерін меңгеріп алса деген жанашырлықпен өткізеді.
Д.Естаев математика пәнінен сабақ берумен қатар, сынып жетекшісі қызметін де атқарады. Оқушылары ұстазын қиын сәттерде қолдау көрсете алатын қабілеті, жанға жайлы мінезі үшін бағалайды. Үздік маман қамқорлығындағы ұл-қыздарға ақыл кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп, мәселелерін шешуге көмектесіп жүреді.
Бір айта кетерлігі, жас маман академиялық білім алмасу шеңберінде Прага техникалық университетінде магистратурада оқып келген.
Жаңалыққа жаны құмар жас ғалым – бірнеше ғылыми еңбектің авторы. 2021 жылы «Дифференциалды теңдеулерді мектепте оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік жинақ материалын, 2024 жылы облыс әкімдігі білім басқармасының жанындағы облыстық оқу-әдістемелік орталығымен бірлескен «Математикалық терминдер ағылшын және қазақ тілінде» оқу-әдістемелік жинақтарын құрастырған. Сол секілді 2022 жылы облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Математика пәнін оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» тақырыбында облыстық тамыз кеңесінің секциялық отырысына қатысып, әріптестерімен өз іс-тәжірибесін бөліссе, биыл осы орталықтың ұйымдастыруымен «Математика пәнін оқытудың тиімді жолдары» тақырыбында ашық сабақтар циклында да өзге педагогтармен білім алмасуда.
Шетелде тәжірибе алмасып келген жаңашыл ұстаздың жетістіктері де аз емес. Биыл Дәурен республикалық «ПедСтарт» олимпиадасының ІII дәрежелі дипломымен марапатталса, 2022 жылы республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсында да ІІІ орынға ие болыпты. Сол секілді 2021 жылы облыстық «Математикалық регата» олимпиадасында да жүлдегерлер қатарынан көрінсе, осы жылы математика пәні бойынша мұғалімдердің облыстық сайысында ІІІ орын иеленіпті. Дәуреннің ең негізгі жетістігі республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының жеңімпазы атанып, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан марапатталуы. Бұл – жас маманның жанкешті еңбегінің жемісі.
Әріптестері де Дәуреннің кәсіби шеберлігі, оқушыларға деген шынайы махаббаты мен пәнге деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтіп, марапатқа лайық екенін жеткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ