Руханият

Халық театрлары қамқорлыққа зәру, қайырымдылыққа мұқтаж

Ауылда өскен біздің замандастарымызға балалық шақтың әр сәті қымбат. Клубта спектакль болады деген күн – ұлыстың ұлы күнімен пара-пар. Өрістен қайтқан малды тездетіп жайғап, кешкі астарын да апыл-ғұпыл ішкен жұрт тайлы-таяғымен аядай сахнасы бар өнердің алақандай ордасына жиналады. Республикамызға танымал Алтын Ружева, Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұлов, Әнуар Молдабеков, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Зәмзагүл Досанова, Хабиба Елебекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Есболған Жайсаңбаев, Торғын Тасыбекова, Гүлжан Әспетова сынды театр саңлақтарын сол кішкентай сахнадан тірідей көру құрметіне ие болған біздер қандай бақытты едік.

Гастрольдік сапармен келіп, біздің құрқылтайдың ұясындай үйімізге арнайы тоқтап, қонақ болған Үмбет Әлжанов, Шәмшагүл Жәмеңкеева, Спандияр Мұқышев, Қарабай Сатқанбаев, Әлібек Әмзеев секілді облысымыздың театр қайраткерлерінің де сол кездегі бейнесі көз алдымнан кетер ме?! Қазір өзім етене жақын тартып, қоян-қолтық араласып жүрген Мәкен Рахымжанова, Қуандық Қасымов, Майра Әлімбетова, Нұрсипат Салықова, Жұмахан Әбдіқадыров, Гүлшат Қыпшақова, Гүлбаршын Өскенбаева, Мәкен Райысханова, Ерсін Қалыбаева, Құрақ Оразбаев, Галина Қойшыбаевалардай әулиеаталық аға буын әртістерімізбен де ең алдымен осындай сахнадағы сомдаған образдары арқылы танысқаным қалай естен шықпақ?!

Сол актерлер мен актрисалар ойнаған «жанды» спектакльдермен кішкентайымыздан сусындап өскендіктен болар, өзіміз де мектеп жасынан скетч, интермедиялар мен пьесаларда ойнап, монологтар оқыдық. Студент кезде институттың көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі ретінде Ғ.Мүсірепов пен М.Әуезовтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қарагөз» трагедияларын сахналауға қатысып, Таңсық пен Қарагөз бейнелерін сомдағанбыз. Білім саласында да, мәдениет саласында да қызмет етуіме тура келген қырық жылға жуық уақытымда актерлік өнеріммен ғана емес, режиссерлік қабілетіммен де қалың көрерменді тәнті етіп едік. Мұның барлығы сәби кезімнен көріп өскен жоғарыдағы кәсіби әртістерден, сахна шеберлерінен бойыма сіңген, киелі театр өнеріне деген іңкәрліктен туындаған қасиет болатын. Және ол қасиетім өмір сүруіме де өзінің оң әсерін тигізген жақсы қасиет болғанына күмәнім жоқ.

Өйткені театр өнері – адам баласын гуманистік бағытқа бейімдейтін бірден-бір тәрбие құралы. Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, өзіне тән бейнелі бояу-өрнекпен жаңа күйге түсіреді де, драмадағы мінез-құлық егелерін кейіптеп, олардың өзара қарым-қатынастарынан, байланыстары мен қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-қарекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиғаға, әрекет пен оған қатысушы қаһармандардың қимылына, ой-арманына, шат күлкісі мен сезім діріліне, күйінішіне, жалпы тіршілік-тынысына бейжай, немқұрайды емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен үңіледі. Сонда олар сол сәтте сахналық өмір көріністерінің бейтарап, салқынқанды бақылаушысынан гөрі эмоцияға еніп, тікелей қатысушысына айналады.

Әдеби-драмалық пьесада жазылған жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның мінезін жасайтын театрдағы басты тұлға – актер. Өмір шындығы актерлер сомдаған көркем образдармен бейнеленіп, жарыққа шыққанда пьеса жанры спектакль деген атау алады.

Сонау тереңнен тамыр тартқан біздің ұлтымыздағы театр тарихында да кейінгі жас ұрпақ біле бермейтін қызықты баспалдақтар бар.

Сахналық өнердің алғашқы нышандары ерте заманнан-ақ халықтың күнделікті тұрмыс салтымен, мұң-мүддесімен біте қайнасып, бірге дамыды. Шаруашылық науқандарына байланысты өтетін Ұлыстың ұлы күні, «Сабан той», сияқты жиын-тойлар соның айғағы. Ертеде халықтың «Қалтырауық қамыр кемпір», «Ақ боран» деп аталатын дәстүрлі ойындарына қатысушылар шаруа ыңғайына орай көктем мен қыстың кейпіне еніп, шартты сахнада қысты көктемге жеңгізеді. Сөйтіп, алдағы егіс науқанының сәтті, жемісті болуын алдын ала қамтамасыз етеді. Мұның өзі ойынның магиялық күшіне, яғни мезгілсіз жауын-шашын, қуаңшылық секілді табиғаттың стихиялы күйлерін игеріп, дүниені өзгерте алатынына сенуден туындаған екен. Малға жабысатын ауруды қуу мақсатында айтылатын «Бәдік айтысы» өнерінің де, науқасты емдеп, болашақты болжайды дейтін құшынаш бақсылар өнерінің де түп-төркіні шаруашылық пен елдің қамына, мал басы мен адам баласының бас амандығын тілеуге саяды. Мұның бәрі дала театры.

Халық көп жиналатын жиын-тойлар, ойын-сауық түрлері осындай халық шығармашылығының алғашқы үлгілерін туғызған. Келе-келе мұндай жиындар жалпыхалықтық сипаттағы мейрамға ұласқан. Осылайша қазақ өнерінің бір саласы – халық театры дамудың бірнеше сатысын бастан кешіріп, кәсіби театр деңгейіне дейін көтерілген. Қазақстанда ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық театрлары жүйелі түрде ұйымдастырылып, жұмыс істей бастаған. Көркемөнерпаздардан құралған аталған ұжымдар өз өнерлерімен көрермендердің зор құрметіне бөленді. Өткен дәуірдің тоқсаныншы жылдары нарықтық қатынастарға байланысты республикадағы халықтық театрлардың саны күрт төмендепті. Мысалы, 1995 жылы осындай драмалық ұжымдардың саны 1 295 болса, 2000 жылы 731-і ғана еңбек еткен. Соңғы жылдары жер-жердегі өнер ұжымдарының жұмысына да көбірек көңіл бөліне бастағанын айта кетуіміз керек.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 1 000-нан аса «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымының ішіндегі театр ұжымдарының саны 200-ге жуық.

Репертуарында көптеген театрландырылған көрініс пен әдеби-музыкалық кештер, пьесалар мен спектакльдер бар ұжымдар ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» атағын беру туралы арнайы ережесі негізінде өздерінің халықтық атақтарын қорғап тұрады. Халық шығармашылығы орталықтары арқылы әр үш жылда бір рет осы атағын қорғау әр аймақтың театрларында дәстүрлі түрде өтеді.

Облысымызда 15 халық театры бар. Әр ауданда бір-бір театрдан болса, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарында екі-екіден.

272 актер қамтылған барлық халық театрларының жұмысын негізінен облыстық халық шығармашылығы орталығы қадағалайды. Халық театрларын қолдау бағытында орталық алдына көп мақсат қойып отыр. Орталықтың тарапынан жыл сайын жүйелі түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Айталық, Шымкент қаласындағы мәдени даму орталығының аға оқытушысы, ұстаз Ерлан Әуесбаев арнайы шақырылды. Ол кісі өзінің білікті әріптестерімен келіп, тіпті аудан, ауылдарды аралап жүріп жаңашылдыққа толы сабақтар беріп, бірнеше дәріс өткізді. Талапты актерлердің таланттары шыңдалды.

Биыл Таразда Ш.Смаханұлының 100 жылдығына орай республикалық халық театрлары фестивалі өтті. Кең ауқымда ұйымдастырылған іс-шара көрерменнің көңілінен шыққанына куәміз. Басқа өңірлерден келіп қатысқан театр ұжымдары да өте жақсы көңіл күймен қайтты.

Дегенмен аудандардағы халық театрларының жағдайы 100 пайыз жақсы деп айтуға келмейді. Бұрын әр аудан орталығынан ғана емес, әр елді мекеннің ауылдық клубы мен мәдениет үйі жанынан бір-бір театр құрылып, жұмысы қыз-қыз қайнап жататын. Ал бүгінде саны да санаулы ұжымдық театрлар қамқорлыққа аса зәру, қайырымдылыққа қатты мұқтаж.

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ұсынылған жобалар мен жұмыстардың 80 пайызға жуығын орындауға олардың мүмкіндігі бола бермейді.

Халық театрларының материалдық техникалық базасы да жұтаң. Әртістерді киіммен жабдықтау мәселелерінде де олқылықтар бар. Айлығы шайлығына жетпесе де бойында тасыған өнерін халыққа паш ету арқылы сахнадан ләззат алып, көңілдерін тойдырып жүрген аудандардың үлкенді-кішілі дарындары жеме-жемге келгенде сахналық киімдерін өздері тігіп, үйіндегі шапанын киіп, сандығындағы қамзолын шығарудан аянбайды. Театр болғандықтан бұл тұрғыда костюмдерге ғана емес, аспаптар мен бутафорларға, реквизиттер мен декорацияларға да аса қатты мән берілуі тиіс. Жақсы декорация – спектакльдің жаны.

Бұл мәселелер Сарысу, Талас, Шу аудандарындағы театрларда сәл де болса икемге келтірілген. Қалған аудандарда назар аударылмайды десе де болады. Өйткені театрдың кішігірім декорациясын жасаудың өзі аудандар үшін үлкен бір проблема. Тіпті болмашы ғана театрлық грим мен жасанды шаш, бетпердемен жұмыстар жолға қойылмаған. Мұнда да әртістердің дені өздерінің қалтасынан жырып, сөмкелеріндегі опа-далаптарын қолдана салуға мәжбүр. Бұл жерде де көзіқарақты адамдар грим мен опа-далаптың айырмасының жер мен көктей екенін, опа мен далаптың кейіпкер бейнесінің мимикалық образын дәлдік формамен ешқашан да кейіптеп бере алмайтынын анық біледі деп ойлаймыз. Сонда әртістерімізге бір сақалды жапсыруға қажетті желімді алу үшін қанша инстанциялардан өту керек десеңізші.

Бұл бүкіл аудандардың халық театрларына тән түйткіл.

Тағы бір өзекті мәселе – басқа облыстардағы, көрші аймақтардағы республикалық, халықаралық фестивальдарға, конкурстарға қатысудың машақаты. Бұл жөнінде тек қана Талас, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарының өнерпаздарында ғана аздап мүмкіндік табылған. Өткен ғасырдың 82-жылынан бері сыртқа шықпаған Жамбыл ауданының театр ұжымы бұрнағы жылы барып келіпті, әйтеуір. Ал енді Шу, Қордай, Байзақ аудандарында бұл үлкен проблема. Әлбетте, барлығы қаржы тапшылығына келіп тіреледі. Бұдан соң халық театрлары қалай дамиды?!

Театр өнерінің көрермен жанын тазарту үрдісі қалай жүріп жатқанын өз құлағымызбен есту үшін аудандарға да хабарласып, халық театрлары ұжымдарының тамырын басып көрдік.

Бір риза болғанымыз, ешқайсысы ауыздарын қу шөппен сүртіп отырғанын білдірмеді.

Сахналық киімдерінің тозығы жеткенін, аудан басшылары тарапынан қолдау көре бермейтінін, театрлық қойылымдарға лайықталмаған сахналарының дыбысталу мен жарықтандырылу кешендерінде, өнер залының жоғары механизмінде кемшіліктің көп екенін сездіртеді. Сахналарының еденінде дөңгелек айналмалары болса деп армандайтынын, айналмалары барлары оларының дұрыс істемейтінін, сахнаны әрлеуге арналған көтеру құрылғыларының жоқтығын, бар болса, оларының өзі апатты жағдайда тұрғанын немесе қауіпті деңгейде жұмыс істейтінін айтып, ешқайсысы мұң шақпады.

Олардың бүгінде аудан аумағында аталып өтетін мерекелік салтанаттарды, қуаныш думанды, ал кешкілік драмалық ойындар мен сауықтарды көпшіліктің ілтипатына бөлене жүріп атқаратын әртістердің нәпақасының тақыл-тұқыл екендігін, қаржысы аз, хал жағдайы кісі қызығарлықтай болмаса да «халық театры» деген атауды өлтірмей, өнер көшін өркениет керуеніне арбаны қолмен тартқандай болып аман-сау сүйреп келе жатқан өз өнерпаздарының еңбегінің қоғамда шын мәнінде елеусіз екенін көріп-біліп, сезіп отырған біздер де үндемедік.

Мұндайда қанағатты місе тұтқанымен «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» емес, «сырты бүтін, іші түтін» сырлы аяқтарының сынын бауырына бүгіп сақтай, сырын да кетірмей, тойған қозыдай томпиған күй танытатын театрлардың тарландарына жұртқа еткен қызметтерінің үдесінен шыға берулерін тілеуден басқа шарамыз қайсы.

Сондықтан жан семіртер жылы сөзімізбен олардың бірқатарын таныстыра кетуді жөн көрдік. «Орталықтандырылған мәдениет үйлері және клубтар жүйесі» кәсіпорнының директоры Н.Тулақбаев басқарып отырған «Меркі» халық театры өз уақытында белгілі театр режиссері Әскер Құлдановтың «Ақкөз батыр» драмасын, Жауғаш Қырбасұлының айтулы мерейтойына орай «Жауғаш батыр» драмасын сахнаға сәтті шығарған ұжым ретінде ерекшеленеді. Труппа 2022 жылдың 2-4 қараша күндері өткен «Театр kz» фестиваліне Мұхтар Әуезовтің «Айман Шолпан» комедиясын ұсынып, «Үздік эпизод» номинациясын жеңіп алған.

Әмірхан Қошманов жетекшілік ететін Жамбыл аудандық «Дарын» халықтық театрының да жетістіктері жаман емес. Атап айтсақ, жазушы Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» атты комедиясын дайындаған бұл ұжым «отырған қыздың» басты рөлін ойнаған Н.Бекқұлиева, құрбысын сомдаған С.Зиябекова және серілер образындағы Ә.Құлжан, Ғ.Ратов, К.Нәлібай секілді әртістерімен мақтана алады. 2022 жылы облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен заңғар жазушы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының дәстүрлі облыстық фестиваліне қатысып, «Үздік әйел бейнесі» номинациясына және 100 мың теңгелік сертификатқа ие болған.

«Жуалы» және «Мыңбұлақ» атты халықтық театрлар әлдеқашан аудан жұртшылығының көзайымына айналған. «Мыңбұлақ» театрының қырық жылдан астам тарихы бар. «Жуалы» халықтық театры да бүгінгі күні халыққа сапалы қызмет етіп келеді. Олар 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері апталығында Өзбекстан Республикасының Жизақ облысында «Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасын сахналап қайтқан. Діни экстремизмге қарсы «Берекең кетсе» танымдық драмасын облыс шеңберінде сахналап, түзету колонияларындағы жазасын өтеушілердің назарына ұсынып, аудандарға гастрольдік сапар да ұйымдастырған. Жазушы журналист Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай дайындаған «Ай мен Айша» драмасын қызыға тамашалаған көрермендердің арасында өзіміз де бармыз. Республикалық «Мірдің оғы» әзіл-сықақ театрларының фестивалінде, «Айтқыштар Ақтөбеде» байқауларында номинант атанып, «Киелі бесік» республикалық байқауында II орынды жеңіп алған. Аудандық мерекелік іс-шараларда театрландырылған мазмұнды қойылымдар қойып, көрерменге рухани азық сыйлап келе жатқан ұжымға аудан әкімдігі тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп тұрады. Ауылдарға жылына екі рет гастрольдік сапар ұйымдастыруға тырысатын театрдың тек бір ғана «әттеген-айы» бар екен. Ол – кәсіби маман тапшылығы. Осы мәселе бойынша Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сынды іргелі оқу орындарына сұраныстар беріпті.

Таластық тума талант Манас Назаров режиссерлік ететін «Талас» халық театрының да сауыт-сайманы сайлы, қанжығасы майлы. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Бала Жамбыл» атты спектакльді ұтымды сахналаған өнер ордасының «Jаstar шоу» атты жас буыны Қостанай қаласында өткен сатирик, жазушы, этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары фестивалінде өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Биыл жоғарыда аты аталған ақын, жазушы, қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, жерлесіміз Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай өткен халық театрларының арасындағы «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқауында «Біз осы үйдің келіні боламыз» және «Ұрпақ үні» атты комедиялық интермедияларды қойған театрға бас жүлде бұйырған. Аудан тарапынан ылғи қолдау көрсетіліп, жыл сайын ұйымдастырылып жататын облыстық немесе республикалық фестивальдарға ешқандай кедергісіз барып жүргендіктен жүлдесіз қайтқан кезі жоқ.

Ал Эльмира Төлешова жетекшілік ететін «Шу» халық театры 2022 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрларының фестиваліне Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында «Айман Шолпан» музыкалық комедиясын апарып, «Ең үздік спектакль» номинациясымен марапатталған болатын. Сондай-ақ Төле би бабамыздың 360 жылдығына орай жерлесіміз, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төле бидің төрелігі» атты спектаклін сахналады. Премьераға пьеса авторы арнайы қатысып, театр ұжымына алғысын білдірген.

Шулық екінші театр «Шу қаған» деп аталады. Надира Болаева жетекшілік ететін бұл театр Мар Баджиевтің «Құдалар» спектаклімен «Халықтық» атағын қорғады. Қалалық мәдениет үйінің жанынан құрылған бұл ұжымға жаңадан халықтық атағы берілгенде 3 штаттық бірлік қоса ашылып, мамандар, 1 штаттық бірлікпен костюмер және 1 штат бірлікпен көлік жүргізушісі жұмысқа қабылданған. Төрт жанр бойынша жұмыс атқаратын театр әртістері шығармашылық шыңдарды бағындыру жолында аянбай тер төккісі келеді.

«Қордай» халық театрының да өнімді жұмыстарын айтпай кетуге болмайды. Жыл сайын дәстүрге айналған облыстық театр байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген осы ұжым мүшелері Г.Алиеваның «Менің анамның туған күні», Қ.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмаларын, Ш.Смаханұлының «Диета» комедиялық қойылымын сахналап, көзге түсті. Әуелгі өнері аудандық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінен басталған бұл ұжымға да 2014 жылы «Халықтық» атағы берілген болатын.

Сонау ертеден жұмыс істеп келе жатқан байзақтық «Шахан» халық театры да облыс жұртшылығына кеңінен танымал. Осы ордаға Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының бұрынғы әртісі, әрі жас, әрі тәжірибелі актер Бақытжан Байкүшіковтің режиссер болып барғанын естіген кезімізде шын қуанғанбыз. Айтсақ айтқанымыздай, кәсіби әрі білікті маманның арқасында «Шахан» халық театрының да драмалық қоржыны бұл күнде кәдімгідей қомақты.

Думан ордасы болған аудандардың халық театрларының талпынысы мен тәлімді өнегесін қанша жерден таратып жеткізсек те мұнымыздың теңізге тамған тамшыдай ғана орны бар екенін мойындауға мәжбүрміз. Сондай-ақ олардың жұмысынан мін іздеуді мақсат тұтпадық. Сын көзбен қарамауға тырыстық. Қалай болғанда да өнердегі өздерін емес, өздеріндегі өнерді сүйетін ауыл таланттарының адал еңбектері мемлекет тарапынан әрдайым үлкен қамқорлықты қажет ететінін ашып айтқымыз келді.

Қазіргі кезде «жастарды ауылға шоғырландырайық, ауылда туып-өскен жас буынды туған жеріне тұрақтандырайық, ауыл халқын сақтап қалайық» деген мәселе көп көтеріліп жүр. Өйткені қалаға қашып жатқан, үйсіз-күйсіз, екі арада сандалып жүрген жастарда есеп жоқ. Сол себепті аудан орталықтарында ғана әупіріммен өмір сүріп жатқан халық театрларының санын ұлғайтып, елді мекендерде де көптеп ашуға күш салынуы керек. «Ел іші – өнер кеніші». Дарындылардың бәрі ауылда. Ауыл үлкендері мен жастары бос уақытын пайдалы әрі мәнді өткізудің бір сүрлеуін сонда көрермен ретінде немесе әртіс болып та ауыл театрларының соқпағына салар еді. Дала театрлары іске қосылып, ауыл театрларының тамырына қан жүгірсе, әлгі аталған мәселе өзінен-өзі шешілмей ме?! Игілікті бастама сол ауылдың, қала берді ауданның көркеюіне үлкен септігін тигізбек. Оқу бітірген жастар театрда актер болудан қашпайды. Аудан мен ауылдарға да жұмыс іздеп барып, орын таба алмай, қалаға қайтып кетіп жатқандары баршылық. Барлығы сол бір сылтау – штаттың жоқтығы.

Талантты балаларды табалдырығына табындырып қойса да топырағы құнарлы деген туған өлкесінің құшағын оларға, өз түлектеріне кеңінен жая алмауы – сор. «Ұлт рухының жаршысы» (Есмұхан Обаев) саналатын халық театрлары – тасада қалған таланттардың шамын жағатын рухани шаңырақ. Руханиятсыз ештеңе оңбайды. Жылтыр мәдениеттен жұрт жалықты. Өзінің ұлттық өнерімен ұлық болып қалатын халық таза өнерді аңсайды. Текті өнерге ел ағалары мен атқамінерлері де теріс қарамауы керек. Ауыл мәдениетіндегі ізденістер мен жаңа шығармашылық көкжиектер еліміздің мәртебесін өсірмесе, кемітпейді. Олардың жұмысын жандандару – уақыт талабы.

Үміт БИТЕНОВА,

ақын,

ҚР Мәдениет саласының үздігі