Жастарға арналған жобалар жемісін беруде
Жастар ресурстық орталықтары – ел ертеңі саналатын бүгінгі буынның білім алу, кәсіп бастау, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдауға ие болу секілді түрлі салалардағы қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме. Сонымен қатар мұндай орталықтардың жастарға ортақ өзекті мәселелерді шешуде де алатын орны айрықша.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Жамбыл ауданының жастары «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе баспана салуға берілетін қаржының аздығын айтып, мәселе көтергені есте. Осы ретте біз Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсабаға хабарласып, сол мәселенің қалай шешілгенін сұраған едік.
Жалпы Жамбыл ауданында бүгінгі таңда 87 972 тұрғын болса, 26 752-сі 14-35 жас аралығындағылар. Жастар ресурстық орталығында 43 штаттық бірлік болса, жетеуі ақпараттық, қаржы-әкімшілік, жастар арасындағы мәселелерді шешу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ұйымдастыру, дін мәселелерін талдау, уақытша бос жүрген жастар мен жас отбасылармен жұмыс, шаруашылық бөлімінің басшысы. Қалғаны заңгер, теолог, психолог, аула клубының жетекшісі секілді қызметкерлер. Орталықта – 4, ауылдық округтерде 17 жастармен жұмыс жөніндегі маман және 10 кіші қызметкер еңбек етуде.
2024 жылдың 10 айында 1 797 жас жұмысқа тұрған. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 1 004, әлеуметтік жұмысқа – 32, ақылы қоғамдық жұмыстарға 240 адам орналасқан. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша – 250, 105 азаматқа «Алғашқы жұмыс орындарына» жолдама берілген. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 100 жамбылдық оқыса, онлайн кәсіптік оқудан өткендер саны – 63. «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы 3 адам жұмыс тапса, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 36 адам ие болыпты. 9 адам жұмыс орнында кәсіптік оқытудан өткен.
Жамбыл ауданында жастардың ұйытқы болуымен өткен іс-шараларды тізе берсек, жалғаса береді. Дегенмен жыл басынан бері ауданда атап өтуге тұрарлық 9 жоба іске қосылғанын тілге тиек етуді жөн көрдік.
Атап айтқанда, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін сұлулық салоны биыл жұмысын бастаған. Сұлулық салоны аптасына екі рет тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында әлеуметтік желіде «АуылBAY» жобасының 5 түсірілімі жарыққа шығыпты. Кәсіпкер атанған 5 азаматпен сұхбат жүргізіліп, ол әлеуметтік желілерде жарияланып, 20 мыңнан аса қаралым жинаған көрінеді.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету мақсатында «Караоке БАТЛ» жобасы жаз мезгілінде тұрақты түрде жүзеге асырылыпты. Жастардың көңілінен шыққан бұл жоба әр ауылдық округте жалғасын тапқан. Жоба аясындағы іс-шара барлық ауылдық округте ұйымдастырылып, қорытынды кеші де сәтті өтіпті. Қазір қыс мезгілі жақындап қалғандықтан іс-шараны ауылдық клубтарда ұйымдастыру жоспарланыпты.
Жастар ресурстық орталығының қолдауымен орталықтың жанынан бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ашылған «ГЕККОН» спорттық туристік клубы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқанын білеміз. Сол секілді мұндағы «Аlshyn» жекпе-жек клубының да жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда берері мол. Онда қазір 60 өрен спортпен шұғылдануда. Оның кейбірі Азия ойындарының жеңімпазы атанып үлгеріпті. Осы жылдың желтоқсан айында «Шағын кинотеатр», «Дәстүрлі жылжымалы садақ орталығы», «Таңғы сұхбат», «Психологиялық кабинет» жобалары жұмысын бастамақ. Келесі жылы аталған орталықтан «Қыздар фитнес залын» ашу жоспарланыпты.
Жамбыл ауданының жастар ресурстық орталығында алдағы уақытта да жүйелі жобалар іске асып, жастарға қатысты әлеуметтік және басқа да мәселелер оң шешімін табатын болса, бұл жастардың сенімін арттыра түсетіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ