Жамбыл жаңалықтары

Көшбасшылық пен мүмкіндіктер алаңы

Жақында «AMANAT» партиясы жанындағы «Jastar Ruhy» жастар қанатының облыстық филиалы «Jastar BIR TOLQYNDA» тақырыбында жастар сессиясын өткізді.

Сессияның бірінші бөлімінде жастар саясатының дамуына жан-жақты үлес қосып жүрген 30-дан аса мекеме жетекшісінің қатысуымен пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Басқосуда жас көшбасшылар мен жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген азаматтар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді қарастырды. Басты мақсат – жастарды саяси жұмыстарға белсенді қатысуға жұмылдыру және көшбасшылық қасиеттерді дамыту.

Кездесу соңында жастар саясатының дамуына қызмет етіп жүрген мекемелер ортақ меморандумға қол қойды.

Сессияның екінші бөлімінде елімізге танымал спикерлер жастар алдында қоғам үшін өзекті тақырыптарды талқылап, құнды кеңестерімен бөлісті. Жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып берді.

Мұнан соң «Jastar Ruhy» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова сөз алып, «Jastar Ruhy» – көшбасшылық пен мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында ой өрбітті.

Сессия барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрiк университетінің қауымдастырылған профессоры, «Сана» бағдарламасының жүргізушісі Молдияр Ергебеков «Үйдегі қауіпсіздік: зорлық-зомбылықсыз ортаны қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады.

Заман көз ілеспес жылдамдықпен даму үстінде. Әр күн сайын жаңа трендтер шығып, жастардың сұранысына қарай қоғамның талабы да күшейген. Осындай сәтте өзіңді жоғалтып алмай, өз меніңді табу, қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта жиында талай жасқа бағыт-бағдар беріп, тұлғалық дамуында өз үлесін қосып жүрген Бек Жолдыбай да ортаға шығып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Маңызы зор іс-шараны «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jastar Ruhy» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали қорытындылады.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ