Брифинг

170 отбасы баспаналы болады

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сарысу ауданының әкімі Cәкен Мамытовтың қатысуымен брифинг өтті.

Сәкен Үмбетұлының айтуынша, қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң нәтижелерге қол жеткізілген. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп саласында 71,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 92,1 пайызға орындалыпты. Ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 22,5 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ негізгі капиталға 31 миллиард 715 миллион теңге инвестиция салынған.

Қазіргі таңда Жаңатас қаласында тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаж азаматтар есебінде 1 721 тұрғын тіркелген. Пәтер кезегінде тұрған азаматтарға 268 пәтерді сатып алып беру үшін 3,2 миллиард теңге бөлініпті. Жыл басынан бері тұрғындарға 98 пәтер берілсе, жыл соңына дейін тағы 170 отбасы баспаналы болады.

Бүгінгі күнге ауданда 1 137 жұмыссыз азамат есепте тұр екен. Жұмыссыздар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға төмендеген.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА