Артылған сенімді ақтау – парыз
Тараз қаласында «Жігерлі жастар – ел болашағы» атты облыстық жастар форумы өтті. Басқосуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жоғары оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ жас мемлекеттік қызметшілер, Президенттік және өңірлік кадр резервінің мүшелері мен өңір студенттері қатысты.
Форум мемлекеттік қызметтің мәртебесін одан әрі көтеруді, жас түлектерді мемлекеттік қызметке тартуды, жастарға қолдау көрсету мен олардың әлеуетін арттыруды көздейді. Іс-шараның өтуіне облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті ұйытқы болды.
Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Байжұманов, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, жастарға ағалық ақылдарын айтты.
Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосамын деген жастарға берілген бірегей мүмкіндік. Өңірде аталған резервтің екі мүшесі басшылық қызметке тағайындалып, жемісті еңбек етуде. Оның бірі – форумда сөз алған «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Манасов. Ол еңбек жолына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл өңірлік жастар кадр резерві құрылды. Оған 26 дарынды жамбылдық жас іріктелініп алынды. Бүгінде резерв мүшелері, Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы Балаби Түменбаев пен Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жандос Рүстембаев конкурссыз негізде қызметке тағайындалды. Резервшілерді жауапты қызметке тағайындау жалғасады.
Елімізде жас мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын жақсы нәтижемен аяқтаған студенттер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қабылданады. Өңірде осы мүмкіндікті оқуын сәтті аяқтаған 32 жас түлек пайдаланып, мемлекеттік қызметке орналасты.
Форумның мінберінде мемлекеттік қызметке конкурссыз өткен Байзақ ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Шохрух Гафуров, Мойынқұм ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру инспекторлық бөлімшесінің бас маманы Айханым Серікова сөз сөйлеп, замандастарын оқуда озат болуға, өңірді өркендетуге үлес қосуға шақырды.
Басқосудың қорытынды бөлігінде жастар өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, облыста 35 жасқа дейінгі 1 400-ден аса жас мемлекеттік қызметші бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі