Алдағы кезеңнің жоспары нақтыланды
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясына қатысты.
Сессия отырысына Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.
Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың біріне айналғанын атап өтті.
Президент Қазақстанның ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға, дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыруға бар күш-жігерін жұмсағанын айтты. Сондай ақ терроризм, кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы секілді қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы күресте Ұйым мүмкіндіктерін жетілдіруге баса мән берді.
Жиын барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды және алдағы кезеңнің жоспары нақтыланды.
Akorda.kz